09 жел, 2019 сағат 14:31

Ақтөбе облысында «киік атып, көлігін өртеген» броконьерлер қамалды

Үстіртте киік аулап жүріп, көлігін өртеген браконьерлер сот санкциясымен 2 айға қамалды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның мәліметінше, 1974 жылы және 1975 жылы туған Қызылорда облысының екі тұрғыны 7 желтоқсан күні сот санкциясымен Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы уақытша изоляторға қамалған. Полиция "киікті заңсыз аулағандар тағылған айыпты мойындады" деп хабарлады.

Күдіктілерді қамауға санкция берілгенін Ақтөбе облыстық соты растады. Сот мәліметінше, күдіктілер Сағынбазар Ибрайымов пен Құрманғали Берібаевқа Қылмыстық кодекстің 337 бабы 3-бөлігінің 1-ші, 3-ші тармақтары бойынша айып тағылған. Сот оларды 2020 жылғы 5 ақпанға дейін қамауға алуға санкция берген.

Күдіктілер мінген Toyota Land Cruiser 100 автокөлігін 5 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы тексеріс кезінде "Охотзоопром" кәсіпорны Ақтөбе бөлімшесінің инспекторлары байқаған. Полиция браконьерлер қылмысын жасыру мақсатында көліктерін өздері өртеп жібергенін айтады.

Көлігін өртеген браконьерлер жайлы қысқа видеолар әлеуметтік желілерге тараған еді. Видеода Toyota Land Cruiser 100 автокөлігінің өртенгені көрінеді және оның иесінің "мойындау сөздері" естіледі.

Полицияның хабарлауынша, өртенген көлік салонынан киіктің екі лағының сүйегі, 14 мүйіз, бір ара, үш пышақ пен оқ - дәрі, 12 - калибрлі екі аңшы мылтығы табылған.

Киіктер Қазақстанда мемлекет қорғауына алынған. Браконьерлер киік аулап, мүйізін саудалайды. Қазақстанда бір ғасырға жуық уақыт ішінде киік бірнеше рет күрт азайып, қайта көбейген. 2015 жылы Қазақстанда белгісіз індет салдарынан бірнеше аптада 150 мыңнан аса киік қырылған.

Қазақстан билігі 2020 жылға дейін киік аулауға шектеу қойған.Биыл заңсыз киік атқандарды ұстамақ болған "Охотзоопром" мекемесінің екі инспекторы браконьерлер қолынан қаза болған.

Азаттық