15 қаз, 2018 сағат 18:13

Ақтөбе қаласының тұрғындарын миллионға жеткізсек деген арман бар - Назарбаев

ҚР Президенті Ақтөбе қаласындағы жұмыстарға оң баға берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

"Ақтөбедегі жұмыстарға оң баға беруге болады. Әкімшілік өте қатты жұмыс істеп жатыр. Аудандар да жақсы. Ақтөбе - жақсы облыс. Мұнда мұнай-газ, темір, көмір бар. Теміржол, тасжол тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропаға Ақтөбе арқылы өтеді. Сондықтан инвесторлар келіп жатыр. Соны пайдаланып, көп шаруа атқарылуда. Экономикадағы 5 пайыздық өсім - еліміздегі өңірлердің алдыңғы қатары. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Облыс өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экспортқа шығарады. Ақтөбеге мен әруақытта үлкен көңіл бөліп отырамын. Себебі, Ақтөбе өркендеп келе жатқан үлкен облыстың бірі. Ақтөбе қаласының тұрғындарын миллионға жеткізсек деген арман бар. Уақыт келсе ол да болады. Дамуы, демографиялық жағдайы жақсы деп айтуға болады. Халық еңбекқор, бәрін біледі. Әруақытта саясатты қолдап отырады. Ақтөбеліктер әр сайлауда мені қолдап келе жатыр", - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Президент Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді.