26 мам, 2017 сағат 14:35

«Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры 8 жылға бас бостандығынан айырылды

«Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ескендірбек Махановқа сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дмитрий Васильевтің жеке мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Ескендірбек Махановтың да жеке мүлкі тәркіленіп, 7 жыл тағайындалды, енді оған темір тордың ар жағында 6 жыл 6 айын өткізу қалды. 240 миллион теңге шығынды сотталушылар бірлесіп өтейді.

Сонымен қатар Васильев 43 миллион 836 мың теңгеден астам, ал Маханов 1 миллион 94 мың 312 теңге көлемінде материалдық шығынды өтейді. «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры қызметін атқарған Дмитрий Васильев 2016 жылдың 8 қарашасы күні Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша қамауға алынған болатын. Ал басты сот отырысы сәуірде басталды. Дмитрий Васильев ақшаны талан-таражға салмағанын, үнемдегенін айтып, ақталды.  Дегенмен мемлекеттік айыптаушы Васильевтің айына 4 миллион теңге жалақы алып отырғанын, өзіне негізсіз сыйақы тағайындағанын айыптау қорытындысында тізбектеп берді. «Бас директордың айлығы 4 миллион теңге болған. Сөйтіп, 2015 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың қазанына дейін Васильевке 40 миллион 315 мың теңге аударылған. Шығын - 36 миллион 500 мың теңге. Сонымен қатар, 2016 жылы шілде айында тағы 10 миллион 980 мың теңге сыйақы берген», - деді сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Елубек Таласов. Айыптау қорытындысы кезінде облыстық дене шынықтыру жән спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ескендірбек Махановтың «Ақтөбе»-«Будапешт», «Ақтөбе»-«Атырау» ойындарын қарауға барып, жол шығыны мен жатын орнының ақшасы клубтың қаржысынан жұмсалғаны белгілі болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.