08 там, 2019 сағат 08:31

Ақтаудағы жаппай төбелес кезінде жас жігітті пышақтап кетті

Ақтаудағы бір топ жігіт төбелесіп, онда жас жігіт пышақтан жараланған. Бұл туралы lada.kz сайты жазды.

Оқиға 4 тамызға қараған түнде, 4-шағын аудандағы №3 үйдің алдында болған. Маңғыстау облысының Полиция департаменті және Денсаулық сақтау басқармасы оқиға жайлы толыққанды ақпарат берді.

4 тамызға қараған түнде Ақтау полиция басқармасының кезекші бөліміне бір топ адамның төбелесі туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына полиция жасағының 10 көлігі аттанған.

Екі жас жігіт сөзге келіп қалған. Салдарынан оның бірі қарсыласының кеуде тұсына пышақ сұғып алған.

Күдікті сол күні анықталып, ұсталды.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдікті айыпты деп танылған жағдайда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы немесе сол мерзімге бас бостандығы шектелуі мүмкін.

Пышақтан жараланған жас жігітті жедел жәрдем Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер ота жасап, жігітті ажалдан арашалап қалды.