03 там, 2018 сағат 16:28

Ақтауда 1 айдың ішінде 5 мың адам цифрлық сауаттылық курсынан өткен

Маңғыстау облысында цифрлық сауаттылықты арттыру курсы 2018 жылдың 1-ші маусымында басталған болатын. Шілде айының басында аталған семинар бойынша 5216 тұрғын оқытылыпты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингінің журналисіне берген хабарламасында айтты.

«Жоспар бойынша 5 мың адам цифрлық сауаттылық курсынан өтті. Оқыту жұмыстары 2018 жылдың 1-ші маусымында басталған еді. Ол ағымдағы жылдың 29-шы тамызында аяқталады. Аймақтық тренерлермен 3678 адам оқытылса, мобильді топ арқылы 1538 тұрғын цифрлық сауаттылықты меңгерді», – делінген хабарламада.

Осы мақсатта облыста 10-12 мамыр аралығында 316 аймақтық тренер даярланған екен. Олар информатика пәнінің мұғалімдері. Оқыту жұмыстары «Цифрлық сауаттылық» бойынша 4 бағытты қамтыды. Бұдан өзге, әкімдіктің ұйғарымымен 65 білім мекемелері анықталып, тұрғындар сол ғимараттарға барып дәріс тыңдаған. Осыған сәйкес, 100 аудитория мен 1300 компьютер қарастырылыпты.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингімен жасалған келісімге сәйкес Ақтау қаласында 2500 адамды оқыту жоспарланған. Ал, Жаңаөзен қаласы бойынша 750 тұрғын, Түпқараған, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия аудандары бойынша 350 адамнан оқытылмақ.

Сонымен қатар, өңірде тұрғындардың қоңырауларын қабылдайтын 10 каналды колл-центр нөмірі іске қосылған (8/7292/30-12-82).

Өңірде цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында білім басқармасының бастамасымен 6 мың мұғалім мен 66 мың ата-ана оқытылған. Десе де, маусым-тамыз аралығында тағы 30 мың тұрғын оқу курсынан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, 20 мың педагог цифрлық сауаттылықты меңгермек.

Еске сала кетейік, цифрлық сауаттылық курстары еліміздің түкпір-түкпірінде оқытылып жатыр. Ол цифрлық ХҚО-лар мен әртүрлі мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ білім ошақтарында үйретілуде. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында халықтың цифрлық сауаттылығы 2020 жылға қарай 85%-ға жетеді деп күтілуде. Цифрлық сауаттылық курсы арқылы мемлекеттік қызметті электрондық форматта пайдалану, онлайн-сауданы меңгеру, цифрлық машық, ашық үкімет сынды бағыттарды меңгеруге болады. Биыл 8 млн адам электронды қызмет алу мен онлайн сауда жүйесін оқу бойынша базалық біліммен қамтамасыз етілмек.