13 нау, 2019 сағат 18:43

Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықтың құрылысы күзде аяқталмақ

Ақтау қаласында Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталық құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алты Алаштың абызы болған біртуар қаламгер, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Маңғыстауды ашық аспан астындағы мұражай деп атаған еді. Биыл жазушының 80 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Осыған орай, Ақтау қаласының 19а ықшамауданында Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталық бой көтермек.

Жаңа құрылыс қарқынымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов танысып, жауапты мамандарға аталмыш орталықтың құрылысы биылғы жылдың күз айында аяқталып, пайдалануға берілуі керек деп тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы құрылыс материалдарының сапасымен де танысты. Жоспар бойынша бұл жерде 2 қабатты Әбіш Кекілбаев мәдени орталығы, облыстық музей мен кітапхана ашылатын болады. Ғимарат ортасында субұрқақ та болмақ. Жалпы аумағы 7,7 гектарды алып жатқан құрылыста қазір 80-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. 

Айта кетейік, облыс мектептерінде «Әбіштану» сыныптары да ашылған болатын.