14 қар, 2019 сағат 07:08

Қаржы министрі: Ақша аударымдарына байланысты алаңдауға негіз жоқ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов қолма-қол ақша аударымдарына қатысты пікір білдірді.

Қаржы министрінің айтуынша, ақша аударымдары кезінде қосымша төлемдер мен салықтар алынбайды.

«Жеңілдігі мен қолайлылығына, комиссиялардың болмауына байланысты жедел аударымдар халық пен бизнес арасында үлкен танымалдыққа ие. Әрине, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететіндігін жақсы түсінеді. Осы орайда, аударым кезінде қосымша төлемдер немесе салықтар алынбайтығын атап өткім келеді. Әсіресе, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру жоспарланып отырған жоқ», - дейді Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ бизнес өкілдері де бұл жағдайдан сырт қалмайды. Оларға жүктелеген міндетемелер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.

«Кәсіпкерлікке келетін болсақ, ол ашық болуы керек. Атап айтқанда, кәсіпкерлер заңға сәйкес фискалды чектерді беруге, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн кассалық-бақылау машиналарды қолдануға міндетті. Сонымен қатар, Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлер де негізгі міндеттемелерден босатылмайды. Тұтынушының құқығын қорғауда түбіртектің болуы аса маңызды», - дейді Қазақстан Республикасының Қаржы министрі.

 Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі ақша аударымының жедел жүйесін өз бизнесінде қолданған кәсіпкерлердің кірісін әкімшіліктендіру мәселесін пысықтауда. Мәселен, онлайн кассалық-бақылау машиналары мен автоматты түрде толтыру және салық есебін жөнелту функциясы бар POS-терминалдарды біріктіру арқылы кірісті әкімшіліктендіруге болады. Мұндай пилоттық жобаны ҚР Қаржы министрлігі мен Kaspi bank келесі жылы бірлесіп жүзеге асырмақ.

 «Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патент немесе жеңілдетілген декларация сынды арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес өкілдері 3 жылға салық төлеу мен тексерулерден босатылатындығын атап өткім келеді», - дейді Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов.  

Осы орайда, Қаржы министрі тұрғындардың ақша аударымдарына байланысты алаңдауына негіз жоқ екенін айтады.