13 там, 2019 сағат 15:02

АҚШ үкіметі Green card алу талаптарын күшейтті

Трамптың әкімшілігі дүйсенбі күні АҚШ аумағына заңды түрде енетін иммигранттардың санын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін ереже шығарды. Бұл грин карта мен виза алу өтініштерін қабылдаудан бас тартуды жеңілдетеді, деп хабарлайды CCN.

Ережеге сәйкес, Үкімет табысы төмен және білімі аз азаматтарға, жәрдемақы алған, Medicaid медициналық сақтандыруын пайдаланған, азық-түлік талондарын және тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алған адамдарға виза мен грин карта беруден бас тартуы мүмкін. Үкімет бұл тұлғалар келешекте мемлекеттік қолдауға зәру болуы мүмкін деп болжайды. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты Азаматтық және көші-қон қызметі директорының міндетін орындаушы Кен Кучинеллидің Ақ үйде өткен брифингте айтқан сөзінен белгілі болғандай, бұл АҚШ-қа көшіп, тұруға ықылас білдіргендердің барлығына экономикалық тұрғыдан өз өзін қамтамасыз етуге және дербестікке қол жеткізуге түрткі болады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа ереже иммиграция мәселесін шешуге талпынып жүрген шамамен 382 000 адамға қатысты болмақ.

Ереже 36 айда 12 айдың көлемінде әлеуметтік қамсыздандыру бойынша бір немесе бірнеше жәрдемақы алған иммигранттарға қолданылмақ. Әр жәрдемақы жеке есептеледі. Айына берілетін екі жәрдемақы екі айдың ішінде алынған жәрдемақы болып саналады. Жаңа ереже 15 қазанда күшіне енеді.