08 қаң, 2020 сағат 20:24

Трамп: "Мен лидер болып тұрғанда Иран ешқашан ядролық қаруын қолданбайды" (Видео)

Бүгін АҚШ Президенті Дональд Трамп Ирактағы америкалық әскери базалардың атқылануына байланысты халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дональд Трамп өзінің 9 минуттық жолдауында ракета шабуылынан АҚШ әскерилері зардап шекпегенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Тегеранды "халықаралық терроризмді қолдап отыр" деп айыптап, "Иранға салынатын санкция күшейетінін" мәлімдеді. Трамп өз сөзінде "қолы қанға малынған Сүлейманидің қазасы – әлемдегі басқа да террористерге ескерту" деді.

Тегеран ядролық амбицияларынан бас тартып, терроризмге қолдау жасағанды доғаруы тиіс, деп ескертті АҚШ көшбасшысы.

Трамп "Иран енді райынан қайтар" деп, Вашингтонның Тегеранның шабуылына қарымта қайтармайтынын меңзеді. Бірақ НАТО мүшелерін Таяу Шығыстағы жағдайға белсенді түрде араласуға шақырды.


Бұған қоса, ол "мен лидер болып тұрғанда Иран ешқашан ядролық қаруын қолданбайды" деді. 

«Иран халқы мен басшылығына мынаны айтқым келеді: Біз сіздердің болашағыңыз жарқын болғанын қалаймыз. Сіздер оған лайықсыздар. Мемлекет өркендеп, әлем елдерімен үйлесімді достық қарым-қатынаста болса дейміз. Америка Құрама Штаттары бейбітшілікке ұмтылған әрбір елмен тату болғысы келеді», - деп қорытындылады сөзін Д. Трамп.

Дональд Трамп сөзінің соңында Иранды «ортақ мақсаттар жолында» ынтымақтасып, ДАИШ террористік ұйымына қарсы бірге күресуге шақырды. Оның сөзінше, Иранмен жаңа ядролық келісім жасау керек. АҚШ Президенті "Ұлыбритания, Қытай, Германия және Ресейді Иран ядролық келісімінен бас тартып, барлық тарап қайта жаңа келіссөз бастау керегін" айтты.

Еске сала кетейік, бүгін Иран АҚШ-тың Ирактағы екі әскери базасын зымыранмен атқылаған болатын.

Тегеранның Ирактағы АҚШ базасына шабуылынан кейін қазақстандық Air Astana, франциялық Air France, германиялық Lufthansa және америкалық ұшақтар Иран мен Ирак төбесінен ұшпайтынын мәлімдеді. Air Astana Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға және Абу-Дабиге ұшатын ұшақтарының Иран мен Иракты айналып өтетінін, соған байланысты ұшу уақыты ұзаратынын хабарлады.