05 мау, 2018 сағат 18:08

АҚШ-та сотталған Диас Қадырбаев мерзімінен бұрын босап шығады

Ағайынды Царнаевтар Бостонда жасаған терактты тергеу барысында сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Диас Қадырбаев АҚШ-тың Техас штатындағы «Big Spring» федералды түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

«Жуық арада біздің отандасымыздың бостандыққа шығатынын қуана хабарлаймыз. Бұдан кейін елден шығарылу үшін ол АҚШ-тың көші-қон қызметіне (визасының мерзімі өтуіне байланысты) тапсырылады. Жақсы тәртібіне байланысты отандасымыз толық мерзімі өтпей тұрып босатылады. Алдын ала мәлімет бойынша, Д.Қадырбаев 2018 жылдың 23 шілдесінде босатылады», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Белгілі болып отырғандай, ҚР СІМ Диас Қадырбаевты Отанына қайтару процедурасын жеделдету үшін барынша күш салуда. Қолда бар ақпараттарға сәйкес, оның жағдайы психологиялық және физикалық тұрғыдан жақсы.

«АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері Диас Қадырбаевтың жағдайын осы жылдың маусым айының алғашқы жартысында біліп қайтады. Елшіліктегі қызметкерлер отандасымыздың әкесі Мұрат Қадырбаевпен үнемі байланыста», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, қазақстандық Диас Қадырбаев 2015 жылдың маусым айында 6 жылға сотталып кеткен болатын. Ол 2013 жылдың сәуірінде АҚШ-та ағайынды Царнаевтар жасаған терактқа қатысты іске іліккен еді.