21 жел, 2017 сағат 09:19

АҚШ-та ДАИШ ұйымына қатысы бар қазақстандық 15 жылға сотталды

Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметов ДАИШ террористік ұйымына қолдау көрсеткені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Нью-Йорк штатының Шығыс округінің прокуратурасының сайтында айтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Бруклин федералды сотының судьясы Уильям Кунц "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына материалдық көмек көрсетпек болғаны үшін Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовты 15 жылға бас бостандығынан айырды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Сайдахметовтың ДАИШ ұйымына кірмек болғаны белгілі болды. Сайттағы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан азаматы жазасын өтегеннен кейін АҚШ-тан шығарылады.

Ал прокуратураның мәліметінше, қазақстандық 22 жастағы жігіт Нью-Йорк аумағында тұратын басқа да бірнеше адамдармен келісімге келген. Оларға да (Өзбекстанның төрт азаматы) осы сипаттағы айыптар тағылып отыр.

Айта кетейік, Ахрор Сайдахметов 2015 жылдың ақпан айында Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайда ұсталған болатын. Ал АҚШ билігіндегілер оның Түркияға бағыт алған ұшаққа отырып, ары қарай Сирияға кетпекші болғанын мәлімдеген еді.