15 сәу, 2021 сағат 16:25

АҚШ Ресейге жаңа санкция салып, 10 дипломатты елден шығаратынын мәлімдеді

АҚШ-тағы 2020 жылғы президент сайлауына ықпал етуге тырысқаны үшін және жалған ақпарат тарату әрекеті үшін Вашингтон Ресейдегі 32 заңды және жеке тұлғаға жаңа санкция салды. Бұл жөнінде Ақ үйдің ресми сайты хабарлады, деп жазады Азаттық.

Сонымен бірге, АҚШ президенті Джо Байденнің жарлығымен Ресейдің Вашингтондағы елшілігінде жұмыс істейтін он қызметкерді шығарып жіберу көзделген. "Америка дауысының" хабарлауынша, Америкадан шығарылатындар арасында арнайы қызмет өкілдері мен дипломаттар бар.

АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы Ресей банкі, ұлттық әл-ауқат қоры және қаржы министрлігі шығарған облигацияларды сатып алуға, оларға қарыз беруге тыйым салды. Бұл тыйым 2021 жылғы 14 маусымда күшіне енбек.

Санкцияға ілінген ұйымдар қатарында Краснодар өлкесіндегі "ЭРА" технополисі бар, онда Ресей қорғаныс министрлігінің шақыруымен жекеменшік және мемлекеттік компаниялар жұмыс істейді. Бұған қоса, ақпарат қорғау, ІТ-инфрақұрылымды тексеру және киберқауіпке қарсы тұру ұйымдарына санкция салынды. Бұл ұйымдардың қатарында "Спецвузавтоматика" ғылыми зеттеу институты мен Positive Technologies компаниясы бар.

Қара тізімге ілінген адамдар қатарында Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы баспасөз хатшысы Алексей Громов бар. Қазір ол президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарады.

Осы ақпарат жарияланған соң көп ұзамай, Ресей де АҚШ-қа қарымта санкция салғанын мәлімдеді.