27 ақп, 2018 сағат 17:28

АҚШ маманы Тәтiшев өлiмiне байланысты сараптама қорытындысын жария еттi

Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. АҚШ-тан келген криминалист мамандар Ержан Тәтiшевтiң өлiмiне байланысты өз сараптамасын жасады. Бүгiн сот отырысында тәуелсiз сарапшы зерттеу қорытындысымен таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін төрт мәрте сараптама жасалғаны мәлiм. Бірақ, бір қорытындыда германиялық мылтық өздігінен атылуы мүмкін емес десе, ендi біреулер олай болуы мүмкін деген ұйғарымға келген. Марқұм банкирдің отбасы бұл мәселеге нүкте қою үшін сараптама саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар америкалық Майкл Патрик Мерфи, Скотт Майкл Перкинс пен Ирис Делли есімді мамандарға жүгінген. Олар бүгiн Тараздағы сотқа қатысып отыр. Отырысқа сондай-ақ Тәтiшевтер отбасының адвокаты Евгений Яворский қатысуда.

Майкл Патрик Мерфи қылмысты зерттеу, оның iшiнде адам өлiмiн тергеу саласында 25 жыл жұмыс iстейтiнiн айтты.

«Маған осы өлiмдi зерттеу ұсынысы түстi. Сол себептен сот-сараптамалық топ құрдым. Мен осы топтың жетекшiсiмiн. Топта медициналық, криминалдық, қан таңбаларын зерттейтiн сарапшылар жұмыс iстедi. Бiз қазақстандық полиция қызметiмен жұмыс iстеп, қажеттi ақпарат жинадық. Қылмыс болған жерге де бардық. Барлық сарапшылар өз зерттеуiн жүргiзiп, қорытындысын жасады. Менiң негiзгi жұмысым - оқиғаның себебiн анықтау. Осы оқиға жайлы айтсам, адам (Ержан Тәтiшев - авт.) арт жақтан атылған. Қару оған әдейi бағытталған. Ал жанында отырған адам оны өлтiре алмайды. Жүргiзушi алға қарап келе жатқанда өлтiрiлген. Бұған оқтың ұшу бағыты мен марқұмның алған жарақаттары дәлел. Қару өте қымбат болған. Бұндай қару ешқашан өзi атылмайды. Бiз осы қаруды тазалайтын адаммен сөйлескенде, ол қарудың жағдайы жақсы болғанын айтты. Осы оқиғадан кейiн қару полицияда да тексерiлген. Олар да қару өздiгiнен атпайды деген. Қарудың серiппесiн баспаса, ол өздiгiнен атылмайды. Қару кейiннен бiреумен өзгертiлген», - дедi Майкл Патрик Мерфи.

Жуырда сот процесiнде Тәтiшев абайсызда өлтiрiлдi деп тану үшiн қаруға механикалық өзгерiс жасалғаны белгiлi болды. Осылайша, қару өздiгiнен атылды деген қорытынды шыққан. Өзгерiс жасаған куәгерден де жауап алынған едi.

Майкл Патрик Мерфидiң айтуынша, Ержан Тәтiшев қасақана өлтiрiлген. Себебi, қару оған әдейi бағытталып, ол өлтiрген адамның қолында қалған. Ал, абайсызда жасалған қылмыс болса, қару қолдан құлап, басқаша жатушы едi.

Атап өтсек, кеше сот отырысында тараптар оқиға орнында түсiрiлген видеомен танысты. Видеода Тоқмәди Тәтiшевтi қалай өлтiргенiн көрсеттi.

Еске салсақ, Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.

2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтың тапсырысымен жойғанын айтты. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16-ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.