28 мам, 2020 сағат 11:27

АҚШ конгресі Шыңжаңға байланысты Қытайға санкция салу туралы заң жобасын мақұлдады

АҚШ конгресі 27 мамырда Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауға атсалысқан Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Азаттық.

Екіпартиялық заң жобасы Қытайда ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандардың қудалануына жауапты шенеуніктерге санкция салуды қарастырады. Бұған қоса, адам құқығының бұзылуына септесетін тауарлардың экспортталуына бірқатар шектеу қояды.

"Пекиннің ұйғыр халқына жасап отырған варварлық әрекетін әлем халқының ұжымдық ар-намысын қорлау деп бағалауға болады" деді өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси.

Республикашыл-конгрессмен, Қытай бойынша жұмыс тобының төрағасы Майкл Маккол Шыңжаңдағы жағдайды "мәдени геноцид" деп атады. 

Заң жобасын заң шығару органының 413 мүшесі қолдап дауыс берген, 1 адам қарсы болған. Енді құжат Трампқа қол қоюға жіберіледі. 

Осы апта басында АҚШ президенті Дональд Трамп құжатты "өте мұқият қарайтынын" мәлімдеген. Вашингтон Пекиннің Гонконг еркіндігін шектеу жоспарына байланысты шара қолдануды да қарастырып отыр. 

 

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. 2018 жылы БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай "ішкі ісіне араласқан" АҚШ-тың кез келген әрекетіне жауап беретінін айтқан.