11 қар, 2019 сағат 11:09

АҚШ генералы: Америка әскері Ауғанстанда қала береді

Штаб бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы, АҚШ армиясының генералы Марк Милли 18 жылдан бері Ауғанстанда тұрған Америка әскері әлі де бірнеше жыл сонда қала беретінін айтты.

10 қарашада АҚШ-тың АВС телеарнасына берген сұқбатында Милли 2001 жылы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін "Ауғанстанға АҚШ әскерін жіберудің бастапқы мақсаты - Ауғанстанды террористер тығылатын орынға айналдырмау болатын" деді.

"Бұл миссия әлі де аяқталған жоқ, Миссия табысты болуы үшін Ауғанстан үкіметі, ауған қауіпсіздік күштері террористерді ауған жерін өзге елдерге, әсіресе АҚШ-қа шабуыл жасауға пайдаланбайтындай деңгейде ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатындай болуы тиіс, - дейді Милли.

Қазіргі уақытта Ауғанстанда АҚШ-тың 14 мыңға жуық әскери қызметкері мен НАТО басқаруындағы миссия құрамында Еуропа елдерінің мың әскери қызметкері бар.

Президент Дональд Трамп АҚШ-тың қарулы жанжал болып жатқан түрлі елдерден кететін кез келді деп бірнеше рет мәлімдеген.