23 ақп, 2017 сағат 07:52

АҚШ азаматтары асырап алған қазақ балалары туралы фильмнің тұсауы кесілді (видео)

22 ақпан күні Алматыдағы Chaplin (Mega Park) кинотеатрында Қанат Бейсекеевтің «Bala» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Картинада АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық балалардың өмірі баяндалады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жас режиссер Қанат Бейсекеевтің дәл осы жобасы жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 40 минуттық фильм ағылшын тілінде, орыс субтитрларымен жарыққа шықты. Автордың айтуынша, фильмді түсіруге 5 мың АҚШ доллары қажет болған. Краудфандинг компаниясы арқылы xалық оған бұл қаражатты 5 күнде жинап берген.

«Шығармашылығыммен таныс аудиториям, көрермендерім мені қолдады. Алғашқы төлемді Әлішер Елікбаев жасады, осылайша, әлеуметтік желінің өзге де қолданушыларына қаражат жіберуіне ұйытқы болды. Аударымдар 5-500 доллар аралығында жасалды», - дейді ол.

Фильм Американың Вирджиния, Иллинойс, Солтүстік Каролина, Оңтүстік Каролина, Калифорния, Миссури, Нью-Йорк және Пенсильвания штаттарында түсірілді. Онда 7 мен 21 жас аралығындағы 8 кейіпкердің (Милан Дамир Руополи, Анеля, Ноа Алданыш Комптон, Габриелла Грейс Рид, Николас Мандино, Айлим Мелоди Уна Гериг, Серик Ротман, Джордан Рустем Голдман) өмірі баяндалған.

Сондай-ақ америкалық отбасылар Қазақстанда бала асырап алуға жарияланған мораторий туралы, мемлекет мұндай шешімге не үшін келгендіктері жөнінде ой қозғайды.

«Қазақстаннан асырап алынған балалардың Америкадағы өмірін әңгімелеймін. «Америкалық мәдениетке қалай бейімделді, Қазақстан естерінде қалды ма, өз Отандарын қалай елестетеді және Қазақстандағы өмірі туралы не біледі?» деген сұрақтар төңірегінде сұxбаттар өрбіді. Олардың барлығы асыранды екендіктерін біледі, тым ерте жастан Америкаға кеткенмен, өз Отаны туралы аздаған естеліктері де бар», - дейді жас режиссер.

«Фильмді жалғыз түсірдім. Өзім режиссер, оператор, монтаждаушы, редактор, журналист, продюсер болдым. Әрине, маған постпродакшн кезінде жігіттер қолдау жасады», - деп атап өтті автор.

Қанат Бейсекеевтің сөзіне қарағанда, жоба коммерциялық емес және жас режиссерлерді шабыттандыруға, аз ақшаға жақсы дүние түсіруге болатынын түсіндіруге арналған. Осы себепті «Bala» деректі фильмі ресми түрде тұсауы кесілгеннен кейін Интернет желісіне орналастырылды.