17 қаң, 2019 сағат 20:34

Ақпан айында «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі өтпек

Осы жылдың 27 ақпанында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезі өтеді. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мәулен Сағатханұлының айтуынша, алдағы 27 ақпан күні «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезі өтеді. Съезді шақыру жөніндегі қаулыға бүгін Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев қол қойған.

«Кезекті Съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа Бағдарламасын талқылау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есебін тыңдау және партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту жоспарлануда. Аталған Съездің партиямыздың 20 жылдығы аясындағы басты іс-шара боларына және алдағы жылдардағы мақсат-міндеттерді анықтап, біздің саяси ұйымның одан әрі жаңғыруына тың серпін беретініне сеніміміз мол», – делінген жазбада.