09 қаз, 2019 сағат 13:46

Ақордада Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары талқыланды

Бүгін Ақордада Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын талқылау бойынша кезекті жиналыс өтті. Жиналысты Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сулейменов өткізді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде келесі мәселелер болды – халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын балаларға міндеттелген әлеуметтік көмекті қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың банкроттығы, зейнеткерлік реформаның концепциясы, қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың жалақыларының көлемін теңестіру, шетелдік еңбек күшінің квотасы және т.б. Талқылауға ұлттық экономика, еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты. Келесі жиналыс осы аптаның аяғында Алматыда өтеді, оның тақырыбы қаржы-бюджеттік жүйені дамыту мәселелеріне арналады», - деп атап өткен Ерлан Қарин.

Келесі аптада, қазанның 16-сында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ұлттық кеңестің әлеуметтік-мәдени реформалар тобы дайындаған ұсыныстардың талқылауы өтеді.