24 қыр, 2019 сағат 12:05

Ақмола облысының киелі орындары: Балуан Шолақ кешені, Иманжүсіп Құтпанұлы

Балуан Шолақ кешені

Орналасқан жері: Ақмола облысы Бұланды ауданы

Қысқаша анықтамасы: Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақ (1864-1919) – қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуан.

Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ, аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде өткен.

Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді.

Балуан Шолақ жастайынан шымыр болып, аттың құлағында ойнап өскен. 14 жасынан бастап күреске түскен. Балуан Шолақ Көкшетауда өткен үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақтың жасы 35-те болды.

Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болған. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды.

Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады.

Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, т.б. болды.

Белгілі музыка зерттеушісі А.В. Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.
Балуан Шолақ Баймырзаұлына ескерткіш орнатылған. Қай уақытта болмасын, қазақ халқы өзінің ұлы тұлғаларын ешқашан ұмытқан емес. Себебі, тұтас бір ұлттың рухын сақтаған шығармалармен халықтың жадында қалған дала дарындары, ол – болашақ ұрпақтың алдында топырақтың қасиетін айқындайтын дәлел.

Батыр Киікбай Байғараұлының жерленген жері...

Орналасқан жері: Ақмола облысы Атбасар ауданы Сергеевка ауылы.

Қысқаша ақпарат: Киікбай батыр (1693-1741 ж) ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қанқасап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлардың сапында Киікбай батыр да болды.

Киікбай батыр ат жалын тартып, сарбаздар сапына тұрған кезде көшпелі екі ел арасындағы соғыс тәсілдері, қорғаныс әдістеріне әбден шыңдалды. Міне, бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін алғаш рет қалыптастыру, орнықтыру миссиясы Киікбай қатарлы батырлардың пешенесіне жазылған.

Мазары - кейінгі ортағасырлық сәулет ескерткіші. Қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапқан, ержүрек жауынгер Киікбай батырдың мазары 275 жыл бұрын тұрғызылған. Қазақ халқында әр рудың көші жүретін өз жолы болған. Қазақтар бүкіл өмірін көш үстінде өткізген халық, сондықтан да Киікбай батыр туралы әртүрлі тарихи естіліктер қалыптасқан. Киікбай батырды керей руына жатқызады.

Осылайша, ерлігі мен даңқы айбынды қазақтың Киікбай батыр есімі ғасырлардан жалғасын тауып ұрпақтан-ұрпаққа тарих болып сақталған.

Киікбай батыр мазарына аудан және облыс қонақтары еске алып, дұға бағыштау үшін арнайы келеді.

Қазіргі кезде көлемі дөңгелек мазардың алдыңғы бөлігі жартылай сақталған, қарама-қарсы қабырғасы бұзылған және құм тастармен толтырылған. ХХ ғ. аяғында Киікбай батырға арналған тағы бір мазар қойылған. Қабырғасы дөңгелек жаңа үлгіде тастан қаланған мазар ортағасырдағы ескерткіштерге ұқсайды.  Жоғары жағы жартылай ашық, жалпақ, кең көлемде төнкерілген ислам рәмізін растайтын жарты айдың белгісі күмістеліп, жасалған. Еске аслу тақтайшасында: «Байқараұлы Киікбай 1693-1741 ж.ж.».

ХХ ғасырдың басы 50-жылдары мен ХVIII ғасырға бұл жерлерде, қазақ жауынгерінің сауыты табылды деп атайды. Кейдесоқ жәдігерлер жер жырту кезінде анықталып, Атбасар ауданының тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған.

Иманжүсіп Құтпанұлы

Орналасқан жері: Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылы.

Қысқаша анықтамасы: Иманжүсіп Құтпанов (1863-1931) - белгілі әнші-композитор, ұлт азаттық қозғалысының қатысушы өкілі, ақын, еліміздің қазынасына баға жетпес үлес қосқан қазақ халқының танымал тұлғасы. Оның «Ерейментау», «Сарыарқа», «Қараөткел», «Сарыбел» және т.б. әндері қазақ халқына кеңінен тараған.

Иманжүсіпті Тараз қаласында Мойынқұм көтерілісін ұйымдастырғаны үшін айыптап, халық жауы деп 1931 жылы 2 наурызда ату жазасын кесті. 1992 жылы ақталып шықты. Әкесінің қайтыс болғанынан кейін, аман-есен қалған Иманжүсіптің баласы - Нұрхан Наманған балалар үйінде тәрбиленіп шыққан. Ол қайтыс болғаннан кейін, оның жақсы атын қалпына келтіру, оның сал серілік өмірі мен шығармашылығын зерттеу мақсатында табылған ғылыми өмірбаяндық деректермен немересі Иманжүсіп Раушан айналып келеді.

Иманжүсіптің немересі Иманжүсіп Раушан ширек ғасырдан астам Иманжүсіпке байланысты шығармашылық мұрасын (қайтарылмай жоғалған және ұмытылып қалған 20-дан астам әндерін), 30-ға жуық кітабын бастырып, 500-ден астам мақалалар жарияланды. Деректі фильмдер түсіріліп, 50-ден астам халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, 150-ден астам еске алу кештері, семинарлар және дөңгелек үстелдер ұйымдастырды.

Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы с. 8 шақырым жерде Құтпановтардың отбасылық зираты орналасқан. Ол ата-анасы, ағалары мен қарындастарының маңында жерленген.

Белгілі әнші-композитор, ұлт азаттық қозғалысының қатысушы өкілі, еліміздің тарихына үлкен із қалдырып, төкпе ақын - Иманжүсіп Құтпановтың жерленген орнына ұрпақтары мен аудан және облыс қонақтары еске алып және құран бағыштау үшін келеді.