18 қаз, 2018 сағат 14:54

Ақмола облысының ауруханасында намаз оқыған дәрігер сотта жауап берді

Ақмола облысында ауруханада намаз бөлмесін ашты деп айыпталған дәрігер ақталып шықты, деп хабарлады  тілшісі сот қаулысына сілтеме жасап.

Дін істері басқармасы "Ақмола облыстық ауруханасы" МКК анестезиология және кардиореанимация бөлімінің 33 жастағы меңгерушісіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы – "Діни ғұрыптарға қойылатын талаптарды бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Олардың айтуынша, дәрігер кеңседе рұқсатсыз және тіркеусіз намаз бөлмесін ашып, онда құлшылық жасаған және діни материалдар мен заттарды сақтаған.

Көкшетау әкімшілік соты құқыбұзушылықтың болмауына байланысты намазхан дәрігерге қатысты істі тоқтатты, себебі облыстық аурухана мемлекеттік мекемеге жатпайды.

Прокуратура Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес мемлекеттік сектор мемлекеттік меншікке негізделген ұйымдардан тұратынын, оған Ақмола облыстық ауруханасы да кіретінін алға тартып, наразылық білдірді.  

Процесс кезінде дәрігер К. жұмыс жүктемесіне байланысты барлық дәрігер демалатын бөлмеде намаз оқитынын түсіндірді. Ауруханада кеңесуге арналған ординаторлық бөлме бар. Дәрігердің екі куәгері намазды меңгерушінің бөлмесінде немесе ординаторлық бөлмеде оқитынын айтты.

Апелляциялық сот дәрігерлердің кеңседе оқыған намазын намазхана ұйымдастырды деп қарастыруға болмайды және жергілікті атқарушы органдарда тіркеу қажет емес деп тапты.

Сот Көкшетау әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдыру туралы қаулы шығарды.