13 там, 2019 сағат 12:14

Ақмола облысының Аршалы ауданында 14,5 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді

Ақмола облысының Аршалы ауданында 14,5 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, 11 тамызда сағат 12:55-тер шамасында Қостомар ауылынан 3 шақырым орналасқан Қызылжар шаруашылығы «Жасыл аймақ» РКК аумағында өрт шыққан. Жалын дала және орманды алқаптағы 14,5 гектар аумақты шарпыды.

«Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-171 тікұшағы, Ақмола облыстық ТЖД жеке құрамынан 17 адам және 4 арнайы техника, Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД 19 адам және 4 арнайы техника, «Жасыл Аймақ» РКК 40 жұмысшы және 10 техникасы жұмылдырылды. Нәтижесінде сол күні кешкі сағат 19:20 өрт ауыздықталып, келесі күні кешкі уақыт 17:00 толық сөндірілді», дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай 8 тамызда Ерейментау ауданындағы Қойтас ауылында 800 гектардан астам жер өртке оранған еді. Оның 200 гектары Қаратал және Масақпай жайлауында болды. Осы дала өртін сөндіру бойынша байланысты Ақмола облыстық ТЖД-да жедел штаб құрылып, оны өңірлік департамент басшысы өз бақылауына алған болатын.