23 шіл, 2019 сағат 21:20

Ақмола облысында инспекторларға шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды

Ақмола полицейлері ізін суытпай Ақмола тірек пунктінің "Охотзоопром" РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілерді құрықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдіктілер әкесі мен ұлы болып шықты. Олар Арқалық қаласында тұрады.

"45 жастағы күдікті мен оның 20 жастағы ұлы, екеуі де Арқалық қаласының тұрғыны болып шықты, полициядан жасырынып, автокөліктен құтылуға тырысты, алайда, Ақмола жедел уәкілдерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында олар Қостанай облысының аумағында ұсталды", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 23 шілде күні сағат шамамен 11-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылды. Кейін олардың бірі - 1976 жылы туған инспектор көз жұмды. Ал 1975 жылы дүниеге келген әріптесі Жарқайың аудандық аурханасына жатқызылған еді.

«Осыған орай, дереу жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Күдіктілерді ұстауға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарының полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Патрульдік қызмет нарядынан күдіктілердің көлігіне тұспалдау берілді. Жарқайың және көрші аудандардың аумағында 10 блок-бекет қойылды», - делінген ресми ақпаратта.

Аталмыш қылмысты ашу ісін ҚР Ішкі істер министрі жеке бақылауына алған болатын.

Факті бойынша ҚР ҚК-нің 99 бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтып, егерь С.Оспановтың сауығып кетуіне тілектестік білдірді.