07 мау, 2019 сағат 09:20

Ақмола облысында егін шаруашылығы жерлерінің 98,9 пайызы цифрландырылды

Ақмола облысында егістіктікке жарамды жерлердің 98,9 пайызы цифрлық форматқа көшті.

«Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы ең перспективалы бағыттарының бірі өндіріске дәлме-дәл ауыл шаруашылық жүйесін енгізу болып отыр. Дәлме-дәл егіншілік топырақтың құрамын терең және мұқият талдауға негізделген. Осы жүйенің ерекшелігі – әрбір жер учаскесіне нақты тәсілмен қарауында десем болады», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев. 

Қазіргі таңда өңірдегі егін шаруашылық саласын цифрландыру бойынша дәлме-дәл егіншілік жүйесін 3 кәсіпорынға енгізу көзделіп отыр. Олар: «Ақмола Феникс» ЖШС, «Дихан плюс» ЖШС, «Журавлевка-1» ЖШС компаниялары.

«Облыстағы базалық шаруа қожалықтары дәлме-дәл егіншілік элементтерін толықтай енгізетін болады. Сондай-ақ, аталған жүйе 2018 жылы өз көрсеткіштерін көрсетіп, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді», – дейді М. Иғалиев.

Облыс әкімі орынбасарының сөзінше, 2022 жылға дейін дәлме-дәл егіншілік технологиясын аймақтағы 194 кәсіпорынға енгізу жоспарланған. Цифрлық технологияларды енгізу ауылшаруашылығы бойынша тауар өндірушілерге далалық жұмыстардың агротехнологиясы бойынша ең жақсы шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ол жанар-жағармай материалдарын үнемдеуге, тыңайтқыштардың тиімділігін арттыруға көп көмегін тигізеді.

Qoldau.kz веб-порталы арқылы субсидиялауға, несиелер мен сақтандыруға өтінім беруге болады.

Өңірдегі жаңашылдықтар мұнымен шектелмейді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту бойынша, оған цифрлық технологияларды енгізу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде. Бүгінде аймақтағы көптеген сүт фермалары ақпараттық жүйелерді кеңінен қолданады. Мәселен, «Родина АФ» ЖШС, «Есіл Агро» ЖШС, «Камышенка» ЖШС, «Еңбек» ЖШС, «Хамзе» ЖШС-ін атап өтуге болады.