15 қаз, 2019 сағат 14:36

Ақмола облысында 58 жылқы ұрлаған барымташылар ұсталды

Ақмола облысында 58 жылқыны ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылғы қыркүйектің 17-де Ерейментау аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Оның сөзінше, жайылып жүрген 58 жылқысы жоғалған. Шығын көлемі - 17 миллион теңге.

«Ақмола облысының ПД криминалды полиция қызметкерлері мен Ерейментау ауданының полицейлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында Целиноград ауданы және Нұр-Сұлтан қаласының 26 және 41 жастағы тұрғындары ұсталды. Тергеу кезінде анықталғандай, күдіктілер қараусыз жайылып жүрген жылқыларды Ерейментау ауданынан айдап әкетіп, Аршалы ауданының Қостомар ауылындағы шаруашылық қорасына қамаған. Кейін «MAN» жүк көлігінің контейнеріне тиеп, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізбек болған. Алайда, арада бірер сағат өткенде біраз жылқы ауа жетпей контейнердің ішінде тұншығып, өліп қалған», - дейді ведомстводан.

Осыған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетау бағытында 200 метр қашықтықта жылқылардың өлексесі табылған еді. Анықталғандай, жануарлар күдіктілердің жүк көлігінен түсірілген.

«Қазіргі кезде мал ұрлығына қатысты ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.