09 қыр, 2018 сағат 19:43

Әкім Тарази туралы ой-толғамдар

Әкім Тарази - 85

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази - 85 жаста. Атаулы күнге орай танымал тұлғалардың қаламгер туралы тұщымды ой-пікірлерін көпшілік назарына ұсынамыз.

***

Кемеліне   келген   үлкен   қаламгер,   Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Таразидің жеткен биігі – ұясын бұлтқа салған алып қыранның келбетін көз алдымызға елестетеді. Ол – уақыт шежірешісі, асыл сөздің ұстасы, ұлтының  мақтанышы,  заңғар  жазушы,  елінің  көрнекті қайраткері.  Уақыт  озады,  дәуір  өзгереді,  бірақ  мұндай адамдар халқымен бірге жасай береді.

Әкім  Тарази  –  сегіз  қырлы,  бір  сырлы  қаламгер, терең ойдың адамы, философ жазушы, кәнігі зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың бітігшісі.

Мырзатай Жолдасбекұлы

«...Ол  –  алпысыншы  жылдары  қазақ  сахнасына адам  мен  қоғам  туралы  айтатын тарихи  романтикалық сарындағы  пьесалардың  қатарына  адам  мен  қоғамды көрсететін   пьесаларды   қолдаса   көріп   шыққан драматургтеріміздің бірі».

Ақселеу Сейдімбек

Әкім  ағамыз  үшін  туған  өлкесі,  қанат  қаққан қасиетті  Әулие  ата  өңірі  қашанда  қымбат.  Ол  кісі  – облысымыздың  Құрметті  азаматы,  аймақтың  нағыз  патриоты, ізгі тілектесі, жанашыры.

Қанат Бозымбаев

Әкім  Тарази  көп  пьесалар  жазды.  Пьесаларының ішінде ерекше бағалайтын 2-3 пьесам бар. Олар «Асау Бөкей», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия». Міне, осы 3 пьесасы – қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі. Бұлар – уақыт өтсе де өзінің өзекті мазмұнын жоғалтпайтын шығармалар.

Әшірбек Сығай

«Өз шығармашылығында бүгінгі күн, замандастар тыныс-тіршілігіне, тұрмыс-болмыс шындығына бірегей бет бұрған жазушылардың бірі – Әкім Тарази».

Әлия Бөпежанова

Кешегі  тоқырау  заманының  басты  дерті  –  рухани азғындау,  қоғамның  мазмұнына  айналған  тоғышарлық тірлік,  менің  байқауымша,  әсіресе,  Әкім  Тарази шығармаларынан айқын да анық көрінеді.

Баққожа Мұқай

Әкім   Тарази   –   қазақ   әдебиетінің   алтын қорына  қомақты  олжа  салып,  өзінің  әдеби  мектебін қалыптастырған қаламгер.

Серік Мақпыров

Ә. Тарази өз романдары мен повестерінде реалистік зерттеулерде  аз  роль  атқармайтын  характерлер  мен оқиғалардың  өзара  келісімі  мен  өзара  тәуелділігіне құрылған  ортаның  бейнесіне  әдейі  назар  аударады. Жазушының характерлер қатарында әрекет етуші адамдар жасау үстінде фантазиясы өте толық әрі жан-жақты көрінеді.

Мәтжан Тілеужанов

Біздің  Тарази  толып  жатқан  кедергілерді  жеңе алатындығын  паш  етіп,  әдебиетте  өзге  жұлдыздарға ұқсамай  «Құйрықты  жұлдыз»  болып  жарқ  ете  қалды. Ол өзінің шығармасында жас та болса жаңа өмір, жаңа қоғамның болмысын аңғара отырып, ойнақы жеңілдікпен ойната суреттеді. Бірақ оның ойнақылығы мен ойнатуы материалын  жетік  білетін  шебердің  білімпаздығының көрінісі еді.

Елен Әлімжан

Тауға, тасқа салғанда шағылмаған
(Әкім Таразиге)
                                           Екі Кенен тумайды,
                                                     Алатауға ексең де.
                                           К. Әзірбаев

Көріп келем бәрін де көз ашқалы,
Кім-кімнің де бар шығар өз асқары.
Бірақ сенің рухыңнан биік емес,
Өзге жұрттың көтерген боз аспаны.

Жанарында тұратын от өріліп,
Ердің бәрі үйренген төте жүріп.
Айдыныңды асырып тұрған жоқ па,
Бір Алатау кеудеңнен көтеріліп.

Қара сөзбен жырлаған боз даласын,
Пір тұтпайды қай іні өз ағасын.
Көрген емес алдыңды кесіп өтіп,
Жұрттың бәрі білетін өз бағасын.

Ерте жеткен көгілдір көктеміне,
Көтерілмей тұра ма көк төріне.
Екі Әкім тумайды,
Аптап, күптеп,
Алатаудың ексең де бөктеріне.

Жас күнінде тағдырдың суығы ұрмай,
Кім жетілген табаға қуырылмай.
Нық шегеге ұқсатам кейде сені,
Қаққан жерде қалатын суырылмай.

Ақ жұлдызы көгінен көрінгенде,
Кімнің бағы жанбаған көңілді елде.
Майыспайтын шегесің
Қақса сені
Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.

Тауға, тасқа салғанда шағылмаған,
Сардар ерсің жолынан жаңылмаған.
Еркектерді ез деймін шеге болып,
Босағасына елінің қағылмаған.

Болашаққа жол тартқан кеме көріп,
Аға, сенің соңыңнан келем еріп.
Көк аспанды құлатпай ұстап тұрған,
Жұлдыз қанша төсіне шегеленіп.

Қан тамырын тулатқан құба белдің,
Бір құлыны сен едің Құлагердің.
Сендей ердің арқасы
Босағасы
Мықты болса егер де туған елдің.

Рафаэль Ниязбек,
ақын