#
#
Сейсенбі 13/11/2018

Әкім Тарази. Ауыл шетіндегі үй (әңгіме)

  • 09.09.2018
  • 0
  • 885

Әкім Тарази - 85

Бүгін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, драматург Әкім Таразидің туған күні. Ұлт порталы қаламгердің 85 жылдық мерейтойына орай бірқатар материалдар топтамасын ұсынады. Алғаш болып жазушының "Ауыл шетіндегі үй" атты әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

АУЫЛ ШЕТІНДЕГІ ҮЙ

Жұрт оны бұрын қара қайыс Сұлтан деуші еді. Енді лақабы - Жаман Сұлтан. Көзінше Сері Сұлтан дейді. Өзі естіген күні қатты күйініп, жыларман болған. Келе-келе ақыл тоқтатып ойлап қараса, жаман аталғанындай-ақ бар екен. "Жұрттікі жөн. Ел аузына қақпақ болармысың. Мейлің", — деп жорыды.

Еркебұланмен айтысып, ақыры өзі жеңіліп тынды. Анау өсіп кетті, қазір колхоз бастығының мал жөніндегі орынбасары. "Шіреп" жүр. Бұл болса, құлдилап, сушылықтан бір-ақ шықты. Одан бір көтерілгендей болған - ауылда дүкенге сатушы қойып еді. Екі ай істеді ме, істемеді ме — босап қалды. Ендігі тірлігі сушылық. Қызылша суғарады. Күн-түні ұйқы жоқ. Әлек.

Жұрт сүйгендей қылығы болсайшы. Оны өзі біледі. Көктемде: "Сұлтан арақтан өліпті", — деп жұртты бір дүрліктіріп, ақыры өзі күлкі болды. Басқа ауылдың қазақтары бұның "өліп тірілген" күні: "Әй, иттің қатыны, сөмкем қайда?" дегенін екі жиынның бірінде айтатын көрінеді.

Әкесі Дулат қарт "ынжықсың" деп ренжіп, қасына бір жәрдемші бала алып, колхоздың қойын бағып ол кетті бөлініп. Жалғыз әкесін асырай алмағаны ғой сонда. Бұдан өткен қорлық бар ма. "Көкөзек" үш жүзден аса түтін екен. Соның бәрі түгел, бірі қалмай шатырлы, әдемі үйлер салып алған. Жатаған ескі үйде отырған жападан-жалғыз Сұлтан і ана. Заман түзу, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда жөнді жай салып ала алмағаны жамандығы емей, не?

Осының бәрін ойлап-ойлап, Сұлтан қатты қапа болды. Өзіне қапа болды.

Аспан тұтасқан бұлт. Айдалада, тоған басында, байламаның суық цементінің үстінде Сұлтан жалғыздан-жалғыз отыр. Ашқарақ маса денесінің ашық жерін тызылдатып талап жеп барады. Мұндайда адам көңілді болушы ма еді. Мұндайда адам өзіне өзі сүмірейіп көрінеді де.

Мана күн батар алдында өзінің "пөмешнігі" Батырхан деген тоғызыншы бітірген бала екеуі ауылдан он шақты шақырым темір жол астындағы "Өгіз өлген" деген ойпаңдағы отыз гектар қызылшаны суғаруға келген. Атың өшкір мына каналдан су бұратын темір қақпанын көтеретін бұрандасы тас болып қатып қалыпты. Екі адамға бой беретін емес. Бес-алты жігіт суға түсіп, астынан көтеріп, екі-үш жігіт үстіндегі бұранданы бұрамаса, көнбес. Соны колхоз бастыққа айт, адам жіберсін деп, "Сұлтан торыға" мінгізіп, Батырханды ауылға жөнелткен. Сағат он бірлер боп қалды. Батырханнан әлі хабар жоқ.

Жаңа бір әзірде ғана самсап тұрған ауыл оттары селдіреп, қаусап барады. Ел жатар кезде кім келуші еді. Колхоз бастық ауылда болса жақсы, жоқ болса ше? Батырханға кім көнсін. Сұлтанға көмек береміз деп жұлқынып тұрған жан бар ма екен. "Тағы бір сағаттай күтейін, тым құрыса Батырханның өзі келер. Келмесе, кетермін. Өлем бе, түге",— деп жорыған.

Түн тымырсық. Қапырық. Масасы құрғыр да талап барады. Аузы-басы, білектері көнектей болған шығар.

"Көнек демекші", — деп Сұлтан күбір ете қалды. Табанда қөңілі тоза түсіп, жыларман халге келді. Ендігі дерті — қарындасы. Бет-аузы көнектей. Аяқ-қолы добалдай. Жиырмасына дейін үйде отырды. Әке-көке деп, темір жолда істейтін бір жігітке ұзатып еді, тұрақтамады. Жыл жетпей қайтып келді. Екі айдан бері үйде отыр. Қорлық емей, не бұл?! Оның тағдыры не болмақ? Көзге шыққан сүйелдей о да бір азап.

Оты жарқылдап, ауылдан бір машина шықты. "Бастық ауылда екен. Көмек жіберген ғой". Сұлтан қуанып, тұрып кетті. Бұл бастықтың Сұлтанды елегені де. Адам деп, қажетті, маңызды деп мән беріп, көмек жібергені де. Елегені. "Әй, біздің жаңа бастық жақсы адам өзі. Іскер. Жағымпаздар жолдан тайдырып жібермесе, тәуір болатын түрі бар", — деп бір түйді Сұлтан.

Машина қызылшаны жиектей келіп, тоған басына тоқтады. Әбудің автобусы екен. Екінші бригадаға тіркелген көлік.

Автобуспен төрт-ақ жігіт келіпті: Болыс, Акбар, Танабай, шофер Әбудің өзі.

Шақыруға кеткен Батырхан қалып қойыпты. Үйлеріне кісі келген екен, әкесі жібермей, алып қалыпты. Қуақы тілді Болыс қалжыңдап, кекете келді:

— Сені жұрт Жаман Сұлтан деуші еді, енді мен оған мұртымды кесіп алсаң да сенбеймін. Сен қасиетті екенсің-ей. Қатындарымыздың ыстық қойнынан жұлып-жұлып алып, Сұлтанға көмекке барасың деп жіберді-ау! Не деген күш десеңші!

Тоңмойын, бұқа көз Ақбар ызалы екен. Бастықтан қорыққанынан келсе керек.

— Күштінің арты диірмен тартады. Ал біз саған бағынамыз, не бұйырасың, мықты! — дейді.

Сұлтан машинаның жарығында ыржиып күліп тұр. Не десе, о десін, көмектерін берсе болғаны. Көмекке келген жігіттер құр кетуші ме еді деп, Батырханға екі шыны арақтың ақшасын беріп жіберген.

— Батырхан сендерге ештеңе деген жоқ па? — деп андап қана сұрап көріп еді, Танабай шалбарының қалтасынан екі шыныны суырып алды:

— Сұрап тұрғаныңыз мынау болар.

Тоғанның жағасына жайғасып отырып, бесеуі екі шыны арақты бөліп ішті. Даудырлап сөйлеп, қыза бастаған. Сұлтанның өз есебі өзінде. Тез-тез шешінді де, байламаның түбіне, суға секіріп түсті.

Түнгі су салқын. Аласа жігіттің алқымынан келеді.

Бірден қалтыратып, тоңдырып жіберді. Сүйте тұрып, көңілді дауыспен жар салып тұр:

— О-ой, шіркін, су қандай жылы-ей! Ыстық па деймін!— деп қояды. Сондағы ойы қызу жігіттер суға тез түссе, байламаны тез ағытып, жұмысын тындырып алса.

Қу жігіттер оның бұл қулығын аңғармасын ба:

— Жаның шықсын, жаның шыққырдың қулығын қарай ғой! — деп Болыс күліп жіберді.

— Сенбесеңдер, міне, міне! — деп Сұлтан сүңгіп-сүңгіп шығады. Сұлтанның көмек бермей кетіп қала ма деп қипақтауы жігіттерге де әсер етіп, ниеттері бұзылып тұр. Су суық. Түн ортасы. Ішер арағын ішіп алды. Сұлтанның енді берері, сірә, жоқ. Тайып отырса, бастық коп болса ұрсар, ұрсар да қояр.

Танабай:

— Әй, жігіттер, әдейі келген соң, көмектесейік, — деп өзі бірінші шешініп, суға түспесе, басқалар кетіп-ақ қалатындай еді. Басқалар да амалсыз шешіністі. Темір тосқауылды көтеру онша қиын емес екен. Он-он бес минутта іс тынды.

— Сенен жартылық ішетін болдық! — десіп қайтып кетті. Сұлтанның қасында Танабай қалды.

— Ең құрығанда сізге ермек болуға жарармын, — дейді кетие күліп. Сұлтанның іші жылып сала берді. "Осы жігіт - адам болатын жігіт", — деп жорыды. Су мол екен. Екеулеп күн шыққанша "Өгіз өлгенді" тегіс суғарып шықты.

Сұлтанның үйі жұтаң. Бар көрпе-жастығы "бөлскай" төсегінің үстінде жиналған. Еденге киіз төсеулі. Киіз үстінен құрақ көрпе. Дастарқан жайып, екеуі шай ішіп отыр. Сұлтанның келіншегі мен қарындасы қызылшаға кеткен. Торт қызы бақшада. Сұлтанның өзі шай қайнатқан. Өзі шай құйып отыр. Танабай әңгімеші-ақ екен. Басын бір жағына қисайтып алып, асықпай-саспай, баптанып отырып, әңгімені өрбіткенде, тыңдаушының аузы ашылып қалады. Сұлтан ұйып тыңдайды. Бала өз өмірін сыр етін айтып шыққан. Жетімдігін айтқан. Туыссыз, жанашырсыз қиын екендігін айтқан. Россия жақта өсіпті. Танабай деген атты өзі қойған. Паспорттағы аты Анатолий көрінеді. Соны айтқан. Ана тілін ұмытып қала жаздапты. Елге келгені — өзін қазақ сезінгісі келгені екен. Соны айтқан. Көктемде Танабай қартқа екі күн көмекші болып, қой бағу қолынан келмейтініне де көзі жеткен соң, ауылға қайтып, киномеханик болып жүргенін айтқан. Сұлтанның іші жыли түсті. "Қазір", — деп далаға шығып кетіп, үш шыны арақ алып келді. Ойы өзі ұнатып қалған жігітті "жақсылап" сыйламақ. "Ішсін, мұндай адамнан немді аяймын", — деп жорыған.

— Мына Тұрардың дүкен ұстағаны маған дұрыс болды,— деп даладан күле кірді, — жаңағы өзің айтқан Танабайдың баласын айтам да! Мына біздің көршідегі үлкен үйді көрдің бе? Сол соның үйі ғой. Күндіз болсын, түнде болсын, барып сүйреп ап келем, арақты айтам да!

Екеуі бірінші шыныны жаңадан аша бергенде екі жігіт сау ете қалды. Бірі — бұқа көз Ақбар. Екіншісі — Еркебұлан.

— Сүйінші сұрай келдік! - деді Еркебұлан есік алдында күле тұрып. Жұтаң үйді көзімен бір шолып өтті. Бұл үйге келгенім — Сұлтанға істеген жақсылығым дегендей, еркелей еркін сөйлейді.

— Кәне, жігіттер, отырыңдар, төрге шығыңдар. Келгендерің қандай, келгендерің қандай! — деп Сұлтан қалбалақтады да қалды. Әлгі әзірде ғана колхоз бастығы ауданға бара жатып жолшыбай Өгіз өлгенге соғыпты, Сұлтанның түндегі ісін көріп дән риза болыпты. Қызылша тегіс, мол суарылған екен. Сұлтанды мақтапты. Өзі содан ары ауданға кеткен. Ақбар мен Еркебұлан ауылға тартыпты. Келгендері осы.

— Ал сүйіншіңді әкел! — деп жымиып отыр.

— Бәрі болады, сүйінші де болады, бәрі болады, кәні, шай алыңдар, кәні, арақ алыңдар! Ниеттерің қалыс екен, ертеңгі дәмнің үстінен түстіңдер! — деп Сұлтан қомпаңдап, кәдімгідей қуанып қалды.

Еркебұлан мен Ақбар Сұлтанды құттықтауын құттықтап келсе де, өздерінің бұдан артық екендігін бір сот те ұмытар емес. "Жаманмен теңеліп қаламыз ба" деп қорыққандай. Сұлтанның "жамандығын" айтып, көзге шұқи берді, шұқи берді.

— Асырауың кем боп жүр. Әйтпесе, сен адам болуың мүмкін. Әлі де асыраса, адам боп кетуің мүмкін! — деп екеуі бір-біріне қарап ырқ-ырқ күледі. Сұлтан да ақсиып күле береді. Енді қайтсін, өз үйінде. Қонақ не айтса да көтеру шарт.

— Әй, Сұлтеке, қалай өліп-тірілгеніңді айтшы. О дүниеде не көрдің сонда? — деседі анау екеуі. Деседі де, бір-біріне айтып, мәз боп күліседі. Сұлтан ыржия береді.

— Әй, Сұлтеке! Сіз осы күнде арыз жазуды қойыпсыз ғой. Сол рас па? — деседі.

— Сіздердің еліңіз Бетпақ даланы мекендейтін көрінеді ғой. Сіз бұ жақта неғып жүрсіз!

— Ойбай-ау, бұ кісі Ер Тарғын ғой. Ер Тарғын да еліне симай келіп, қазақты қорғаған жоқ па еді?

— Сонда біздің қамқоршымыз Сұлтекең екен ғой! Жай Сұлтан емес, Сері Сұлтан! — деседі.

— Сұлтеке, қарындасың қайда, қарындасың?

— Қарындасыңды бордақылап, семіртіп жүрмісің? Қашан сатасың енді оны?

— Қарындасын сатып, сосын төрт қызын сатып, Сұлтекең бір байиды әлі!

— Со кезде біз сияқты мүсәпір пақырларды ұмытып кетпе. Қарайласып жүр. Қол ұшын беріп тұр.

— Қараушы ма еді. Ұмытып кетеді. Менсінбей кетеді! деседі. Деседі де, ырқылдап кеп күледі екеуі. Сұлтан ыржалақтай береді. Не десін.

— Е-е, мына екеуің бір-біріңді тауыпсыңдар ғой.

— Апырмай десеңші! Ауылдағы ең бай адам осы! "Сұлтан әбден байып алғанша қарайласа тұрғаның жөн ғойға" көшті екеуі. Танабай мәдениет сарайының бір бөлмесінде жалғыз туратын. "Ең бай адам" деп отырғандары сол Танабай да мына екеуі келгелі сөзден тыйылып, өзін ыңғайсыз сезініп отырған. О да ыржиып күледі де қояды.

Анау екеуі түске дейін отырды. Айтқандары жаңағы. Үш шыны арақты тауысып, күліп-күліп кетті.

Тап жүрер алдында, Еркебұлан:

— Мына екеуің бір-біріңді дұрыс тапқан екенсіңдер! - деді тағы да кекетіп.

Еркебұлан мен Ақбар кетісімен Танабай тықыршып отыра алмады. Орнынан тұрып, терезе алдына барды. Қайта отырды. Қайта тұрды. Тұрды-тұрды да, далаға шықты. Жаңағы екеуінің қылығы, әсіресе Еркебұланның соңғы сөзі бірте-бірте жігіттің намысын қоздырып, шыдатпады. Ызаға булығып, есік алдында арлы-берлі жүріп алды. Сұлтанға ештеңе демеді. Сыр бермеді. "Мыналар дәл уақтылы кетті, әйтпегенде қырғын төбелес болатын еді", - деп ойлады. "Қойшы, ақымақтардың сөзі не, өзі не, көңіл бөліп татымайды", — деп өзін өзі жұбатып та көрді. Болмады. Іші қайнай түсті. Мазақтап кетті, жерлеп кетті. Сонда бұл жаман да, олар жақсы болғаны ғой. "Қап, мына қазақтарды-ай, ә!" — деп теңселіп жүріп алды.

Сұлтан: "Үйге кір, ұйықтап, демалайық", — деп еді, жігіт көнбеді "Рахмет, кетем", — деді. Сұлтан онымен ере шықты. Кеңсе жақта шаруасы бар екен.

Мәдениет сарайы ауылдың дәл ортасында. Колхоз кеңсесі соның алдында. Кеңсеге жақындаған сайын Танабайдың денесі түршігіп, тісі тісіне тимей, қалшылдай бастады.

— Жаңағылардың тезірек кеткені жақсы болды, әйтпегенде сойқан болатын еді! — деді жігіт Сұлтанға. Сұлтан да солар жайлы ойлап келе жатса керек.

Қайтесің сол... соларды... Қызыл көз бәле емес пе?— деп күрсініп қойды. Жігіт "үйіне" бұрылмай, кеңсеге бұрылды. "Әрине, төбелес құрысын, төбелес құрысын", — дей берді өзіне өзі. Табалдырықта тұрып босоношкасының ілгектерін мықтап іліп, көйлегінің жеңін түре түсті. Өзін ізі билей алмады.

Еркебұлан мен Ақбар есеп-қисапшының бөлмесінде екен. Танабай:

— Ағай, бері келіңізші! — деп шақырып алды. Еркебұлан жақтырыңқырамай:

— Е-е, не айтасың? — деп дәлізге шыға бергенде, Танабай:

— Жаңа не дедіңіз! — деді де, иегінің астынан қойып жіберді. Еркебұлан мұндайды күтпеген, шалқалай барып, есеп-қисапшының бөлмесіне сүріне-қабына кіріп құлай жаздады. Денесі алпамсадай болғанымен, бұқа көз Ақбарда жүрек жоқ екен, Танабай қырғидай атылып келіп, жағынан бір-екі салғанда кеңседен зыта қашты.

— Ойпыр-ай, мынау итің дүлей ғой, дүлей ғой! — дейді. Көзі шарасынан шығардай. Еркебұлан қайратқа мініп:

— Көрсетейін мен саған! — деп тұра ұмтылып еді, Танабай, ашу-ызадан көзі қарауытып кеткен, столдың үстінен пресс-попьені ала сап, Еркебұланды құлақ шекеден бір ұрып, ұшырып түсірді. Жұрт жабылып Танабайды әзер тоқтатты.

Содан екі-үш күнге дейін ауылда әңгіме осы төбелес жайлы болды.

— Апырай, бойы шап-шағын болса да, өзі шақар екен!

— Құрысын, араша түспесе, Мысық мұртты өлтіріп қоятын!

— Ызақор екен!

— Еңгезердей Бұқа көздің еңкілдеп қашқанын айтсаңшы,— десті.

Бұл тарихты естігенде колхоздың бастығы езуінен күлген де қойған көрінеді, оны сан-саққа жүгіртіп: "Бастық пен орынбасарының арасы бұзыла бастаған ғой", — деп жорыды сөз аңдыған пысықтар.

Соңғы кезде Сұлтанның қолы жүріп берді. Бұған екі себеп бар деп жорыды ол. Біріншісі — Танабай. Бұл кетік бала — жай бала емес, қызыр. Сонымен жанасып достасқалы Сұлтанның ісі оңға баса бастады.

Өзі еңбекқор екен. Жалықпайды. Күндіз-түні Сұлтанға көмектесіп, алты суғаратын қызылшаны тоғыз суғарды. Колхоз бастығы Сұлтанға риза. "Сұлтеке, Сұлтеке" деп іш тартып, айтқанын істейді, сұрағанын береді. Екіншісі — өзім деп жориды. Көктемде "өліп-тірілгенін" қайта-қайта айтып жұрт келеке-тәлкек қыла берген соң, Сұлтан:

— Ол тегін емес. Ата-бабаларымыз аруақты болған екен. Маған қонайын деп жүр! Жағалап келіп, айналдырып жүр. Қона алмай жүр! — дейтінді шығарған.

— Сұлтеке, аруақ сізге неге қона алмай жүр? - дегендерге Сұлтан қулана күліп, қысық көздерін сығырайтып:

— Арақ ішіп қоям, аруаққа соным ұнамайды! — дейтін. Сол Сұлтан бүгін еліріп оянды.

— Қатын, көзіңді ашшы, мен бір түс көрдім. Соны жорылық — деді. Түсінде биік аспан көріпті. Көк жиекке тірелген теп-тегіс жазықта жайқалған қалың бидай көріпті. Бидайдың арасын аралап ақбоз ат мінген Сәнжанды көріпті.

— Тіптен биік, басы көкке тірелді! — дейді. Деді де, түсті өзі жорыды. — Қалың бидай береке ғой. Осыдан, байқа да тұр, Сәнжаннан бір жақсы хабар келер, — деді.

Екі-үш күн өткен соң, "кеңсеге келсін" дегенге барса, шақырған мысық мұрт Еркебұлан.

— Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді! — деп анау мырс етті де, Сұлтанның қолына республикалық газетті ұстата салды. Төртінші бетте Сәнжанның суреті басылыпты.

— Күнім-ау, мынау Сәнжан ғой! — деп айқайлап жіберді Сұлтан. — Бөсе, бәсе!

Сәнжан туралы "Қарызыңды қалай өтермін, елім менің", деген үлкен очерк бар екен. Сәнжан студент кезінде кандидаттық диссертация қорғап, математика саласында дүниежүзілік маңызы бар үлкен жаңалықтар ашқан, осы жақында ғана жігіт докторлық диссертация қорғапты, онысы шет елдерде де зор баға алыпты. Колумбия университетінде лекция оқып қайтыпты. Осы уақытқа дейін Москва түбіндегі бір ғылыми орталықта істеген. Ендігі шұғылданып жүрген тақырыбы космос теориясымен байланысты болғандықтан, Алматыдағы обсерваторияға ауыспақшы көрінеді.

— Міне, міне, айтпадым ба, айтпадым ба? — деп Сұлтанның қара өңі күрең тартып, қуанып кетті. Айқайлап жіберді.

— Жаманның айтқаны келмейді сандырағы келеді, — деді Еркебұлан тағы да. "Мейлі, ол не десе, о десін". Сұлтанның өз есебі өзінде. Аруақ аян берді. Бұл - ақиқат.

Келесі апта бойы Сұлтан Танабайға Сәнжан туралы әңгіме айтып, құлағының құрышын қандырды.

"Жақсыдан — шарапат. Танабай деген бір айналайын бала боп тұр ғой", — дейді Сұлтан. Танабайдың қалада Мақа деген жолдасы бар екен. Сол іздеп келіпті. Танабайдың қонақ күтер мүмкіндігі белгілі. Сұлтанның үйіне жатқызды. Жігіт шегір көз, арық сары. Танабайдың өзіне сай. Ақкөңіл. Жұрттан жасырар сыры жоқ. Ешкімнің көңілін жықпайды. Іш десең, ішеді, же десең, жейді. Келген күні "ал, алдан" бас тарта алмай, қалбалақтап қызып қалды. Сырын ақтарып-ақ салды. Қарт әке-шешесінің қысымымен қыз іздей шығыпты. Сұлтанның үйінде жатып, қарындасы Гүлгауһарды жақтырып, алмақ болды. Келесі сенбі күні, кешкі сағат бесте келіп, осы ауылда тойын өткізіп, алып кетуге келісіп аттанды.

Сұлтан қарындасын ұзатарын естіп, колхоз басқармасы бір ту қой, жүз сом ақша босатыпты. Бұған Сұлтан мәз. "Елім игі ниет білдірген соң, мен аянып қалам ба", — деп, ол езінің екі саулығының бірін жайратып салды. Екіншісін сатып, колхоз берген ақшамен қосып, үш жәшік арақ алды. Қант-шайын әзірлеп, дастарқанын жайып, сенбіні күтті.

Үйі тар, бес-алты адамның басы сыймайды. Есік алдын су сепкізіп сыпыртып, ши-бойра төсетіп, көрші Тұрардың үйінен көлемді-көлемді екі текемет әкелді. Ауылдың атқамінерлеріне алдын ала хабар берген. Сағат төртке шақырған. Бірсыпыра жұрт жиналып, шәй ішіп, ақаңнан "бір-бір ташлап алып", күйеуді күтіп отыр.

Гүлгауһар, қызыл шәйі көйлек киіп, басына газ орамал салыпты. Ұзатылатын қыздай жасанып төрде отыр. Қасында үш-төрт қыз-келіншек. Бейбастау жігіттер жұрттың көзін ала беріп, төргі үйге зып беріп кіріп кетеді де:

— Кетер қыздың қарызы болады. Соны беріп кет!

— Апырай, енді сен кеткен соң, біз қалай күн көреміз!

— Қадірінді білмей жүр екенбіз ғой! — деп іліп-қағып шымшып, құшақтап, қыздың мазасын алып жүр. Гүлгауһар үлкен ала көзімен жігіттерді ата қарап, үндемей отырады да, тым таяп келгендерін көлемді, тастай қатты жұдырығымен бір түйіп қалады. Қасындағы қыз-келіншек сықылықтай күліп, шуласып, жігіттерді үйден қуып шығады. Дәл сағат бесте асфальт жолдан ауылға қарай бір "Волга" бұрылды.

— Күйеу кеп қалды! — деп жұрт дүрлігіп, әйелдер абыр сабыр жүгірісіп қалып еді, Еркебұлан екен. Қаладан қайтыпты.

— Ит те болсаң, құрдасым ғой деп!.. Сонда да сен ит үшін емес, анау Гүлгауһардың тойы деп келдім! — дейді күліп. "Тойыңа қосқаным" деп бір жәшік шампан әкеліпті. Бұны көріп, басқа жігіттер ыңғайсызданып қалды. "Қыз ұзатар тойға дүние әкелуші ме еді. Апырай, біз оны білсек-ше! Е-е, жай, Еркебұланның шығарып жүргені де! Әйтпесе, о заман да бұ заман, қыз ұзатар тойға дүние әкелгенді көрген емеспіз!" — десіп жатыр.

Танабай той дайындығын өзі басқарып, сарай алдында сәбіз турасып, қазанға ет салдырып, "сүйтейік-бүйтейік" деп сабылып жүрген. Еркебұланның машинасы келіп тоқтап, ішінен Перизат түскенде, Танабай еріксіз аузын ашып тұрып қалды. Перизатты көруі осы еді. Ауылдық жерде бұндай ару болады деп ойламаған. "Мынау нағыз елік қой! Мынау нағыз теңіз түбінен табылатын асыл тас қой", — деп әдетінше сөйлеп тұр. Келіншек сүліктей денесіне тар, қара кимоно киіпті. Жұп-жұмыр төсі, жіңішке белі, жұп-жуан бір өрім ұзын шашы, қара көйлек, қара туфли, қара шаш нұрландыра түскен аппақ жүзі, аппақ төсі, аппақ түзу сирақтары жігіттің қиялын динамитке жіңішке шнур бойын бойлап келетін оттай сыздатып келіп лап еткізді. Жігіт жүрегі лүп ете қалды да, тәтті бір қуаныш сезім бойын билеп алды. Еркінен тыс келіншек жүзіне қайта-қайта ұрланып қарай берді. Келіншек мойнына үлбірек ақ орамал байлапты. Қиғаш келген үлкен көздің астында қоңыр көлеңке. Қоңыр көлеңкені көргенде Танабай Еркебұланға қарады. Ақ тістерін ақситып күліп тұр екен. "Екеуі, шіркін, қосылған-ақ екен! Жұп деп осыларды айт!" — дегенде Танабай амалсыз күрсініп қалды. Күйеу бала әне келеді, міне келеді деп отырғанда күн кешкірді.

— Апыр-ау, келмеді-ау!

— Неге кешікті екен!

— Ой, ол өйтіп бәлсінетін болса, қызымызды бермейміз!— дескен қалжың-күңкіл шыға бастады. Танабай қысыла бастады. Дос бұныкі, ол кешіккен сайын, бұл қипақтай түсті. Сұлтанның да жүрегі ақырын-ақырын сыздап қояды. Күйеу бала келмей қалып, масқара болмас иа екенбіз! — деген қауіпті бір ұры ой кірді көңіліне. "Не бопты! Әлі-ақ келеді", — деп өзін өзі жұбатып қояды. Күн батты. Енді жұрттың бәрі қысыла бастады. Қуақы жігіттердің бірі төргі үйге кіріп кетіп, Гүлгауһарға:

— Ой, сенің жігітің келмейді енді! Сені не қылсын, басқа сұлу тапқан ғой! — деген екен, Гүлгауһар:

— Иә, саған! — деп әлгі жігітті ұрып жығыпты.

— Иә, кеп қалар қазір-ақ. Жұрт иіріліп бос отыра ма? Тарт табақтарды, — деп бұйырды Сұлтан. Жұрт ішіп-жеуге кірісті. Әңгіме-дүкен, күлкі-қалжың қыза-қыза жиналғандар түнгі сағат он екіге дейін отырды. Күйеу келмеді.

— Жә, енді ол келмейді, - деді біреу. Жұрт енді келмейдіге жорып, бірақ Сұлтанның көңілін қимай:

— Кеп қалар. Ертең келер, — десіп тарасып кетті. Танабай қатты қысылды. Ешкім оғаш ештеңе демесе де, кінәні өз мойнына алып, ұялып жүр. Жұрт тарап, дастарқан жиналды.

— Келуші ме еді! Бізді ақымақ қып кеткен ғой! — деп Зара долданып шыға келді. Жасанып төргі үйде отырған қызға жекіді: — Шықсаңшы бері, сыланбай! Жинас мына әдіре қалған дастарқанды.

Білегін сыбанып Гүлгауһар шықты далаға. Үлкен көздері алайып, кіжініп тұр:

— Осыдан келсінші, қараңқалғыр! — дейді.

Ыдыс-аяқты жинап, сарайдың есігін құлыптап, үйге енді кіре бергенде, есік алдына гүр етіп келіп бір машина тоқтай қалды. Такси екен. Машинадан Мақа түсті. Қасында қызыл жаға сержанты бар. Ештеңе демейді. Ыржиып күліп тұр.

Сұлтан да, Гүлгауһар да, Зара да не дерін, не істерін білмей, сасып қалды. Танабай ғана ашуланып:

— Сені адам деп жүрген мен ақымақпын! — деп еді, сонда ғана барып Мақа өзінің кешіккеніне кешірім сұрады.

— Апыр-ай, ә, қызық болды ғой. Енді жұртты қалай шақырамыз — деп еді Сұлтан, Мақа қысыла күліп отырып кешірім өтінді.

— Аға, кешіріңіз, әрине, — деді ол. — Менен иттік болды. Кешіріңіз. Кешігіп қалдым. Милицияға түсіп қалдым. Он бес сөткеге жатқызып қойды. Енді он күні қалды. Он күннен кейін, өзім кеп той жасап... Сүйтеміз енді!

Күйеу бала қасындағы милиционерімен бір сағаттай отырып шай ішіп, қайтып кетті. Содан айтқанындай он күн өткенде келіп, қойын сойып, шығынын өзі көтеріп, Гүлгауһарды алып кетті. Тағдырдың мұндай қырсығын талай көрген Сұлтан бұған да мойымады. Әйтеуір, қарындасының орналасқанына қуанды.

Тамыз айының аяқ кезінде қызылшашылардың облыстық слеті болған. Соған Көкөзектен барған үш адамның бірі — озық мүрап Сұлтан. Жиын теміржолшылардың мәдениет сарайында өтті. Бір үзіліс кезінде Сұлтан бақ ішінде сыраның кезегінде тұр еді. Мақа мен Гүлгауһар келе қалды. Серуендеп шыққан түрлері бар. Қояр да қоймай Сұлтанды үйлеріне шақырды. Ақыры Сұлтан қазақ салтын бұзып, әлі түспеген күйеу баласының үйіне барды.

Теміржол астындағы Екінші Шаңғарақшы көшесінде өз алдына бір қауым құрып, қазақтың Тама деген руы отыратын. Өздері ақкөңіл, қонақшыл ел екен. Құда келді деп жандары қалмады. Мақаның туған-туысқандары бірінен соң бірі шақырып, Сұлтанға үш күн ұдайы сый-құрмет көрсетті. Жүрер алдында Мақа:

— Ағатай, алыс-берісіміз әлі бола жатар. Алда ғой. Үй салуға ниетіңіз бар екен, — деп, бір үлкен үй салуға жетерлік ағаш, жабуға жетерлік шифер атады. Өзіне жүз елу сомның қымбат костюмін кигізді. Сұлтан мәз. Шалқып қалған. Бірақ Сұлтан Сұлтандығын істемей қалсын ба? Тап жүрер алдында Мақаның әкесінің інісі Әлмәмбет деген кісінің Сарбалақ деген бүркітіне көзі түсті. Түсті де, қызықты. Қызықты да, көңілі бұзылды. Сонда өзі үшін емес, өзі құс қадірін біле бермейтін. Танабай үшін. Қалада өскен жігіт, "Құсымыз болса, құс салсақ, шіркін!" — деп армандай беруші еді. Соны қуантпақ.

Көңілі бұзылды да, сұрамақ болды. Сұрайын десе, ыңғайсыз. Ағаш, шифер берді. Костюм кигізді. Енді құсын сұраса, қанағатсыздық. Ары ойлап, бері ойлап, Сұлтекең тәуекелге бел байлады.

Шілтиіп, нып-нығыз боп төрде отырып алып, Сұлтан өзін құрметтеп, ілтипатпен қоршап отырған елдің кәрі-жасына бағыштап, асықпай-саспай, өзінше мәнерлей сөйлеп, бұйымтайын айтты:

— Бұрын да жат емес ек! — деп, Сұлтекең сөзі салмақты болу үшін екі рудың атын атап өтті. — Жазмыш солай екен, енді тіпті, жүдә, жақын болып кеттік, — деді. Аралас-құраласымыз жаңа ғана басталды ғой. Келдік. Жақсы сыйлап қарсы алдыңыздар. Рахмет, — деді. — Үй салатын ниетіміздің бар екені рас еді. Ескеріп, құрылысқа керекті материал атағандарыңыз да жон. Бірақ рахмет оларыңызға. Алмаймын. Маған, тоқ етерін бір-ақ айтқанда, ана Сарбалақты қисаңсыздар! — деп салды.

Тамалар бұны күткен емес. Жым-жырт отырып қалды. Бір-біріне қарасты. Сұлтанға қарады. Құда мығым отыр. Бүлк етер түрі жоқ. Ақыры Әлмембет құсшының өзі тіл қатты:

— Адам алып отырып, құсымызды қимасақ, кім болғанымыз! — деді ол. — Байладым Сарбалақты құдаға. Келесі аптада өзім жеткізіп берем...

Құдалар, кәрісі бар, жасы бар, отыз шақты адам, Сұлтанды автобустың аялдамасына дейін шығарып салды. Жастар жағы қызулау құшақтасып, сүйісіп қоштасты.

Автобус қозғала бергенде, Сұлтанның арт жағында отырған екі келіншектің бірі әдейі қаттырақ сөйлеп:

— Бүкіл ел жиналып шығарып салып жүргендері кім десем, мына бір шілтиген қара екен ғой! — дегені.

Мейлі, жұрт не десе, о десін. Мұндайды естімей жүрген Сұлтан ба. Танабай қуанатын болды. Сұлтанға керегі сол.

Қара қайыс Сұлтан. Өліп-тірілген Сұлтан. Жаман Сұлтан еді. Енді қарындасын құсқа айырбастаған Сұлтан атанар. Мейлі. Танабай қуанса болғаны.

Сұлтанға керегі сол.

Әкім Тарази

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар