15 қар, 2017 сағат 21:36

"Ахыска" түріктер қоғамы қайырымдылық акциясын ұйымдастырды

2017 жылдың 12 қарашасы күні «Ахыска» Қазақстан түріктері қоғамы Атырау облыстық филиалы Қайырымдылық акциясы аясында Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне  қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Үш жылдан бері «Ахыска» түріктер қоғамының филиалы жоғарыда аталған мекеме тәрбиеленушілерге осындай акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Атырау қаласының Авангард мөлтек ауданында орналасқан «Берекет» мейрамханасында ұлттық киім киген «Ахыска» қоғамының мүшелері 20 балаға қайырымдылық түскі ас беріп, мерекелік іс-шара ұйымдастырды.   

Атырау қаласының «Ахыска» түріктер қоғамы филиалының төрағасы Абубәкір Мұрадов: «Бұл акция  игі дәстүрге айналып бара жатыр. Осы орталықтың тәрбиеленушілеріне қайырымдылық іс-шараны екі жыл бойы өткізіп келеміз. Мекемеде тәрбиеленіп жатқан 20 баланың жағдайымен танысып, ой-пікірлерін тыңдадық. Барлық өнерімізді салып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Үлкен ел – үлкен отбасымыздың татулығы, амандығы және бірлігі үшін осындай игі іс-шаралар дәстүрге айналып, әрі қарай жалғасын табады деген ниеттеміз, - деп өз әсерімен бөлісті.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының  директоры  Ғалия Бижанова акция ұйымдастырушаларға да  өз алғысын білдіріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

Облыстағы «Ахыска» түрік мәдени орталығы қашан да  мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Қайырымдылық шараларды жиі ұйымдастырып тұратын орталық жетім-жесірлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, ардагерлерді ұмыт қалдырған емес.

«Ахыск» түріктері - 1944 жылдың қараша айында Сталиннің өктемдігі кезінде Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударған халықтардың бірі. Оның тарихи Отаны – қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандары саналады. Кезінде осы аудандар Осман империясының құрамына еніп, Ахыск патшалығын құраған. 1829 жылғы түрік-орыс соғысынан кейін аталмыш жерлер Ресей империясының қол астына өтіп, Ахалцих уезд атағын алған. Осы кезеңде шекара жабылып, түрік халқымен қарым қатынас үзіліп қалады. Сол уақыттан бастап “Ахыск” түріктері деп аталып, жаңа түріктер тарихы басталды. Олар өздерінің түп тамыры түрік ұлтынан тарағандықтарын мойындайды.