21 там, 2019 сағат 16:38

Ахметов Президент Әкімшілігінде лауазымды қызметке ие болды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Әлтайыр Ахметов Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

"Әлтайыр Амангелдіұлы Ахметов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметінен босатылды", - делінген Тоқаевтың өкімінде.

Ахметовтың орнына Ерлан Қуанышұлы Әбіл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды.

Әлтайыр Ахметов 1979 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын "құқықтанушы" мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылы Ұлыбританияның Бирмингем университетін тәмәмдап, мемлекеттік басқару магистрі атанды. Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 2000 жылы сыртқы істер министрлігінің заң бөлімінің референті, атташе ретінде бастаған. Содан кейін президенті әкімшілігінің әртүрлі бөлімдерінде референт, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі лауазымдарында істеді.

2011 жылы білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқаруға кірісіп, 2015 жылы білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті төрағасының орынбасары болды.

2016 жылдың қарашасында президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры қызметіне келіп, 2019 жылдың сәуір айында мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды.