19 қар, 2019 сағат 14:50

АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығы ресейлік төрелік институттармен ынтымақтастық жасасты

АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығы (бұдан әрі – «ХТО) Ресейдің жетекші төрелік институттарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәскеуде АХҚО Сот аппаратының және ХТО-ның тіркеушісі және басшысы бүкіл Ресей бойынша заң фирмаларын, тәжірибеші заңгерлер мен академиктерді біріктіретін Ресей төрелік қауымдастығымен (бұдан әрі – «РТҚ») меморандумдарға қол қойды.

Бұған дейін АХҚО соты және ХТО Ресейде кәсіби және тәуелсіз төрелікті дамытатын және ілгерілететін Ресей заманауи төрелік институтымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын.

«Жоғарыда аталған құжаттар Ресейдің заң және төрелік қоғамдастықтары арасында АХҚО соты мен ХТО-ның ынтымақтастығын және өңірлік танылуын кеңейтеді, сондай-ақ өңірдегі коммерциялық дауларды шешу жөніндегі жетекші алаң ретінде екі органның беделін күшейтеді. Құқықтық білім беру және кәсіптік оқыту, зерттеу бастамалары саласында бірлескен жобаларды ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен ақпараттық кампаниялар АХҚО соты мен ХТО-ның ресейлік серіктестерімен ынтымақтастығының негізгі бағыттары болады», делінген хабарламада.

 

Қол қою процесі Мәскеудегі арнайы бизнес-таңғы ас шеңберінде өтті, оған РТҚ мүшелері, сондай-ақ заң фирмалары мен корпоративтік сектор өкілдері қатысты. Іс-шара барысында қонақтар өңірдегі төрелік және сот ісін жүргізу үшін жаңа бағыт ретінде АХҚО Соты мен ХТО қызметінің ерекшеліктерімен танысты.

«АХҚО-дағы дауларды шешу үшін біздің алаңымыз бүкіл өңір үшін ашық. Біз ресейлік әріптестерімізді мойындауға және оларман ынтымақтастық жасауға қуаныштымыз. Біз бұл ынтымақтастық коммерциялық және инвестициялық дауларды шешу үшін дәстүрлі сот ісін жүргізудің экономикалық тиімді баламасы ретінде төрелік қызметімізді ілгерілетуге және дамытуға көмектесетініне сенімдіміз», - деп түсініктеме берді АХҚО Сот аппаратының және ХТО-ның тіркеушісі және басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.

«Қазақстанда жасалған нәрсе мені таң қалдыруда. ХАО және АХҚО Сотының құрылуы – мемлекеттің әлемдік деңгейдегі сот және төрелік институттарын құру жолмен шетелдік инвестицияларды тартуы бойынша бұрынғы Кеңес одағы аумағындағы керемет үлгі болып табылады», - деді РТҚ Басқарма төрағасы Владимир Хвалей.

Айта кетерлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО құру туралы конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру.

АХҚО міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады.

АХҚО Соты тәуелсіз орган және Англия мен Уэльстің жалпы құқығы қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

АХҚО Соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделігі мен сомасы бойынша болмашы дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа болмашы даулар соты кіреді.

АХҚО соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізбейді және қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды, сондай-ақ АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін ерекше юрисдикцияға ие. Сонымен қатар, АХҚО Соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО Сотына берілген дауларды қарай алады www.aifc-court.kz

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) тәуелсіз орган және Англия мен Уэльстің жалпы құқығы қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген. ХТО төрешілерінің құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, Ислам қаржылары, банкинг, зияткерлік құқық, коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салаларындағы төрелік бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер кіреді.

Ал, Ресей төрелік қауымдастығы (РТҚ) 2013 жылғы сәуірде Мәскеуде құрылды және заң фирмаларының, тәжірибеші заңгерлер мен ғылыми қоғамдастық өкілдерінің тең құқылы мүшелігі негізінде әрекет етеді. Мүшелік нысандарының әртүрлілігіне байланысты Қауымдастық коммерциялық дауларды баламалы шешу саласымен байланысты қатысушылардың кең ауқымының мүдделерін білдіреді. Қауымдастықтың негізгі мақсаттары Ресей мен ТМД елдерінде аралық соттар мен халықаралық коммерциялық төреліктерді дамытуға жәрдемдесу, Ресейді төрелік орны ретінде таныту, ұлттық және халықаралық деңгейде ресейлік төрешілерді жылжыту, сондай-ақ дауларды баламалы шешу мәселелерінде ресейлік заңгерлердің құзыреттілік деңгейін арттыру болып табылады. РТҚ ЮНСИТРАЛ-дың (БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының) екі жұмыс тобында дауларды шешу және халықаралық инвестициялық даулар бойынша бақылаушы болып табылады.