#
#
Сейсенбі 24/09/2019

"Әкесі бар адамға бас тартуға болмайды" - этнограф қазақтың дәстүрін түсіндірді

  • 22.08.2019
  • 0
  • 4617

Халықаралық түркі академиясының ғылыми қызметкері, ғалым, этнограф Ақеділ Тойшанұлы қазақтың бас тарту дәстүрінің мағынасын түсіндіріп, қойдың басын кімге беруге болмайтынын, бас тарту рәсімінде неге мән беру қажеттігін айтып берді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас тарту - елді бірлікке ұйытатын дәстүр

Бас тарту – ежелден келе жатқан рәсімдердің бірі. Жиын-той, ас кезінде, қонақ күткенде сойылған қойдың басы қадірлі, сыйлы адамға беріледі. Бас мүшесі жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенім бар. Осы орайда этнограф Ақеділ Тойшанұлы көне түркі ескерткіштерінде қой мүсіндерінің болуы бекер емес деп санайды.

"Бұл тарихи деректерден халықтың қойдың басына, бас тарту рәсіміне ерекше мән бергенін байқаймыз. Бұл - елді бірлікке ұйытатын маңызды рәсімдердің бірі", - дейді ол.

Қойдың басы кімге тартылады?

Қойдың басы құйқа терісімен берілетіндіктен, оны тазалап үйітуге және жууға баса назар аударған жөн. Үйітілген, жуылған қойдың бастың жағынан алып тастайды. Кейін кеңсірігі тазалап жуылады. Этнограф қойдың басы ел арасында беделі бар, сыйлы ақсақалға берілетінін айтады.

"Қойдың басы астауға салынып, ел арасында беделі бар, жасы үлкен ақсақалға беріледі. Ақсақал дастарқан басында отырғандарға батасын береді", - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Ақсақал қойдың басын жалғыз өзі мүжімей, ауыз тиген соң жанында отырғандарға үлестіреді. Бірақ ол бастың екінші жағына пышақты тигізбейді. Бастың бір жақ бөлігін жемеу оның ас иесіне толықтай жетіп, ол да бастан ауыз тисін деген ниетпен жасалады. Бастағы кәделі мүше - құлақ үйдің кішілеріне беріледі.

"Әкесі бар адамға беруге болмайды"

Осы орайда ғалым қойдың басы кімге тартылмайтынын түсіндірді.

"Қойдың басы әйел адамға немесе әкесі бар адамға тартылмайды. Оларға беруге болмайды. Мысалы, дастарқан басында ақсақал болмаса, ел ағасы болып отырған, орта буындағы сыйлы жігітке беріледі. Бірақ мұндағы шарт - әкесінің болмауы. Егер әкесі бар бола тұра алса, бұл жаман ырым болып саналады", - дейді этнограф.

Сондай-ақ Ақеділ Тойшанұлы әкесі өмірден өткен адамның ғана қойдың басын ұстауға құқығы бар екенін атап өтті.

"Мен қарапайым тілде түсіндірейін. Егер менің әкем бұл өмірден озса, онда қойдың басын алуға құқығым бар. Алайда әкем жанымда болса, онда жасым 60-70-ке келсе де, қойдың басын ұстамаймын. Сонымен қатар қойдың басы міндетті түрде қонаққа тартылады. Үй иесі басты алып кеспейді әрі өзі бата бермейді", - деп ғалым сөзін түйіндеді.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар