23 қар, 2018 сағат 12:18

Ақеділ Тойшанұлы: Елбасы мақаласы тарихымызды танудың заманауи әдіс-тәсілдерін ұсынды

Тарихты ақтарсақ мәдениетіміздің биік деңгейде екенін анық сезінуге болады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты көппен бірге фольклортанушы, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы да пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, бұдан бұрындағы Елбасының «Тарих толқынында» деген еңбегінде де тарихқа бойлау, жас ұрпаққа ұлт тарихын ұқтыру мәселесі қамтылған. Ол еңбек 1999 жылы жазылған болатын. Аталмыш кітабында Президент түркінің этногенезі, ұлттық коды, тарихи зерде туралы атап өтеді. Ал бұл мақалада Президент бәрін ықшамдап, қазақтың мәдениеті мен руханиятын жаңаша тың деректермен, озық тәсілдермен зерделеу туралы өзінің жүйелі  көзқарасын білдіріп жатыр. Мақаланың мәнісі - ел тарихы мен мәдениетін, өнерін зерттеудің, танып-білудің замануи әдіс-тәсілдерін ұсынып отырғандығында», - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Фольклортанушы ғалым атап өткендей, жалпы, біздің үлкен тарихымызды Елбасы уақыт пен кеңістік аясында тұтастықта тұжырымдап тексеріп отыр.

«Біз халық ретінде бағзы ғасырлардан бері келе жатырмыз да, кеңістік ретіндегі қазақтың Ұлы даласында өміріміз жалғасып келді. Біз осы даланың төлдеріміз. Біздің басқаға ұқсамайтындығымыз да, ерекшелігіміз бен артықшылығымыз да осы Ұлы даламен, оның дәуірлер мен заманалар келбетінде толғатып тудырған  ата дәстүрмен байланысты. Біздің мәдениет осы Ұлы даланың жомарт әрі қатал табиғатына байланысты қалыптасқан. Алтайдан Атырауға дейін, Ертістен Еділге дейінгі алып аумақта бағзы заманнан табаны таймай, ар-намысы аласармай біртұтас халық өмір сүріп келеді. Осы Ұлы дала халқын фолькор, ортақ тарих, аңыз-әпсана, шежіре сынды руханияттың сан тарауы байланыстырып жатыр», - дейді фольклортанушы.

Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, Елбасы тек қазақ халқының атынан ғана емес, көшпенділер қауымы халықтарының атынан өз ойын білдірген.

«Президент Көшпенділер өркениетінің өкілі ретінде сөйлеп отыр. Мысалы, Алтай өркениеті, Алтай мәдениеті десек, анау үлкен темір қорыту дәуірінен бастап келе жатқан халықтар өзін Алтайдың ұланымыз, Алтайдың төліміз деп айтады. Елбасы Ұлы дала дегенде сөзін сонау Алтайдан бастауының өзіндік мәні бар. Қазақтың бұрын киген киім-кешегі, шалбары, бабаларымыздың қару жарағына дейін - Ұлы дала халықтарының мәдениетінің мұралары. Елбасы бұл жерде бөле-жара емес, тұтастық, бірлік, ынтымақ тұрғысынан сөйледі. Тарихты ақтарсақ, тұтастықта тексерсек мәдениетіміздің, шындығында, қауқарлы екенін анық сезінуге болады», - деп түйді Ақеділ Тойшанұлы.