#
#
Жұма 13/12/2019

"Әке, елге қайтайықшы..."

  • 24.05.2018
  • 0
  • 3140

Жігер үйге жылап кірді. Солқ-солқ етеді. Ас үйде шәй ішіп отырған әке-шешесі қолындағы кеселерін үстел үстіне асығыс қоя салды. 

- Балам, саған не болды? – деп, бәйек болған Күлия анасы жанына келді. Баласының қолдары суықтан бүрісіп кетіпті. Жігердің қызарған саусақтарын анасы жып-жылы алақанымен жылытты. Сырт киімін шешті.
- Біреу тиісті ме, неге жылайсың? – деді әкесі Жеңіс ұлының көңілсіз күйін көріп.
- Кім тиісер дейсің? Қарашы, қолдары тоңғаң соң жылаған ғой. Қолғабың қайда, балам?
- Қалтамда. Сырғанақ теуіп, су болып қалды.
- Қар ұстағансың ғой, - деді шешесі Жігердің күртешесінің қалтасынан мөлдір мұз қатқан жүн қолғабын суырып жатып.
- Мұзға құлап қалмадың ба?
- Құлағам жоқ. Бірақ Қалибек...

/upd/2015/0530/143298005055698a5207adc4.28529040.jpg

- Қалибек тиісті ме? – деді әкесінің қабағы түксиіп.
- Ешкім тиіскен жоқ. Қалибек екеуіміз доспыз. Қалибек айтады «көктемде Қазақстанға көшеміз» деп. Ботагөздер де көшеді екен.
- Көшсе не болады? - деді шешесі Жігерге ешкім тиіспегенін білген соң көңілі орнына түсіп.
- Олар туған елге қайтамыз, - дейді.
-  Соған бола жылай ма екен?
  Жігер көзінің жасын сүртті. Әкесі газет оқуға кірісті.
- Әке, біз де елге қайтайықшы! – деді Жігер өтініп.
Жеңіс әкесі газеттен бас алып, баласына қарады.
- Неге? – деп сұрады әкесі.
- Достарымның бәрі кетіп қалатын болды, - деді Жігер. – Мен де достарыммен бірге туған жерге барғым келеді.
- Біз Қытайда тудық қой, балам. Әлі-ақ жаңа достар табасың.
   Жігер өкпелеп қалды. Шіркін, қазір әкесінің орында болса ғой, баяғыда туған жерге көшіп кетер еді. 
- Мен Қазақстанда тұрғым келеді, - бала жыламсырап. – Біз де кетейікші, әке!
- Ол жақта не бар? Біз осында тұрып үйреніп кеттік. Сен ханзу тілін жақсы меңгеріп келесің. Бәрі жақсы болады, балам.
- Қазақстанда ма? Ол жақта жаңа Астана бар. Біздің көк тудың түсі маған қатты ұнайды. Күн астында бүркіт бар. Ауылдағы Сырымның бүркіті сияқты.
- Жарайды, балам, босқа сөйлей бермей, жылынып шәйіңді іш, - деді Күлия шешесі.
- Біз де көшеміз ба? – деді Жігер әке-шешесіне алма-кезек қарап. Ата-анасы үндемеді. Бала олардың келіспегенін түсінді.
- Қарным ашқан жоқ, - деген Жігер бұртиып бөлмесіне кіріп кетті.    
  Жігер төсегіне жатып, армандай бастады. «Мен өскенде әке–шешемді алып, еліме көшемін. Бәріміз Қазақстанда тұратын боламыз» деп тәтті қиялға берілді. Сәлден соң маужырып, ұйықтап кетті. Түс көрді.

/upd/2015/0530/143298040655698bb64c6091.15987145.jpg

Қазақстанда жүр екен дейді. Міне, өзі армандаған Астананы қызықтап, еркін аралап жүр. Ертегідегі биік «Бәйтерекке» шығып, айналаға зер салды. Бұл жерден Астана қаласы алақанға салғандай көрінеді екен. Мұндай қуанбас. Әне, қол созым жерде президент жұмыс істейтін «Ақорда», анау жерде «Ханшатыр» ойын-сауық отауы. Көздің жауын алатын әсем ғимараттар, төменде сыңғырлаған Есіл өзені қандай керемет. Кенет көше бойынан таныс екі баланы көрді. Ой, мынау Қалибек пен Ботагөз ғой.

- Қалибек, Ботагөз, мен мұндамын, - деп жылтыр әйнек ішінен қол бұлғады. Олар «Бәйтерекке» қарап тұрса да, белгі бермеді. Достарымнан адасып қалмайын деп Жігер төменге түсті. Екеуі ұзап кеткен екен. Соңдарынен қуып келеді.
- Қалибек, Ботагөз, тоқтаңдаршы! Бұл мен ғой, Жігермін! – деп айғайлады. Бірақ достары естімейді. Қатты айғайлап еді, өз дауысынан оянып кетті. Қараса, жанында анасы тұр екен.
- Жігер, балам, ауырып қалған жоқсың ба? – деп маңдайынан ұстап көрді. – Ойбуу, ыстығын көтеріліп тұр ғой. Қазір дәрі берейін.
- Дәрі ішкім келмейді, - деді Жігер күрк-күрк жөтеліп. - Емделмесең болмайды. Кәні, мына дәріні ауызыңа сал да, су ішіп жібер. Тез жазылып кетесің.  

- Мен түсімде Қазақстанды көрдім. Жазда қыдырып барайықшы. Достарыммен ойнауға барамын. Жарай ма? - деді Жігер.
- Жарайды, егер сабағыңды жақсы оқысаң, Қазақстанға туысшылап барып қайтамыз.

/upd/2015/0530/143298111055698e764df936.30080429.jpg


  Жігер күлімсіреді. Басы қатты ауырып тұрғанын сезді. Түймедей ақ дәрі мен кесе толы суды ішіп алды. Өне-бойы жанып барады.
- Әкесі, бері келші. Жігер ауырып қалыпты, - деді Күлия анасы. Жанына әкесі келіп, халін сұрады.
- Әке, апам жақсы оқысаң жазғы демалыста Қазақстанға барамыз деді. Бәріміз барамыз ғой, иә? – деді Жігер. 
- Жақсы. Сен тезірек жазыл, - деді әкесі Жеңіс күлімсіреп.      
- Шеше, менің достарыма «Жігер жазда Қазақстанға барады» деп айтшы.
- Жарайды балам, айтайын, - деді анасы. Жігер қуанып қалды. Әке-шешесі ас үйге кеткен. Бала орнынан тұрып, компьютердің алдына жайғасты. Ғаламторды ашып, ата-бабасының туған жері туралы таныса бастады.
- Мен саған ойын ойнама, сабағыңды оқы дегенім қайда? – деді әкесі көңілі толмай. Бұл кезде көгілдір экран бетінде Қазақстанның көк туы желбіреп тұр еді.

Асхат Өмірбаев

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар