13 жел, 2017 сағат 11:28

Ақберен Елгезек. "Надандықтың баратын жері - құлдық..."

Бір көзім жеткені - жаман адам болмайды екен. Надан адам ғана болады. Адамның жаман болмайтыны - оның Авторының мінсіздігінен. Надан болатыны - ғұмыр атты сапарға шыққанда Автор берген барлық жақсы қасиеттерін надан аша алмай кететіндіктен. Немесе сол жақсы қасиеттерін тұншықтыра бергендіктен. Өмірді надан көзбен көретіндіктен. Бәрін өзіндей, өзінің таным-түсінігіне салып қарайтындықтан, қате қабылдайтындықтан. Өзінің қараңғы үңгірдей әлеміне кіріп алып, соның қауіпсіздігін, мызғымастығын, өзгермес қалпын қамтамассыз етуге барын салатындықтан, оны қорғайтындығынан, сырттан еш жаңалық кіргізбейтіндіктен.

Надандықтың жауы - білімді адам. Өйткені надан адамға білімді адам қу секілді, пысық секілді көрінеді. Бірақ тағы бір пәле бар: білімдінің бәрін адам деуге келмейді. Білімдінің ішінде де өркениетті надандар жетіп артылады. Ал, ондай білімді надандар жыртқыш аңнан да қауіпті. Ол біліммен қаруланған надан. Әлеммен соғысатын қаруы өз заманына лайық. Оны жеңу өте қиын. Сондықтан ондай білімді надандардың дәурені ұзақ жүріп тұрады.

Сонда надан емес адам кім дейсіз ғой. Ол ілімді адам. Алла берген әлмисақтық, илләһи таза қасиеттерін бойынан ерте сезіп-біліп, өзін әбден зерттеп, сол арқылы қоршаған ортаны танып, табиғат-тіршілікті жаратқан Автордың көркем шеберлігіне ауызы аңтарыла таңқалып көрген адам. Осы бір сұлулықтың Авторына әуелі құрмет сезімі, сосын махаббаты оянған адам. Махаббат арқылы жаратылысты зерттеуге, тануға ұмтылған адам. Дүниеауи білімді толықтырып, ғылымның жаңа белестерін бағындыратын адам. Елінің өркендеуіне, жерінің гүлденуіне өз саналы ғұмырын арнауға бейіл адам. Себебі ол өз Отанына қызмет етуге парыздар екенін ұғынған адам.

Көркем Автордан қорыққаннан (надан ояна бастағанда қорқады) емес, сүйіп, құрметтегендіктен дұрыс өмір сүруге ұмтылған, күнә жасауға Абсолюттен ұялған адам. Ұяты бар адам. Арлы адам. Өмір сүру этикасын (қиянат жасамау, өтірік айтпау, алдамау, жан дүниясын таза ұстау т.б.) толық меңгерген адам. Ол адам. Ол пендеден жоғары. Әулиеден төмен болса да, дұрыс адам. Үлгілі адам. Олар тегінде қазақта көп болуы керек.

Ондай адамдар отбасындағы тәрбиеден қалыптасады. Балабақша, мектеп, колледж, университет бермейді ондай білімді. Ата-анасы ғана өзінің сүйікті баласына бере алады ондай тәрбиені. Себебі, оған жақсылық тілейді, адам болса екен дейді. Жамандыққа қимаған соң, барын береді.

Демек ата-ана бірінші боп өз бойындағы надандықпен күресуге бел шеше кірісу керек. Сонда біз айналдырған 2-3 буын алмасқанда ізгілікке жақын қоғам қалыптастыра аламыз. Қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын осы. Себебі надандықтың баратын жері - құлдық.

Ілімді қайдан аламыз дегендер айналадағы ұлы кітап - тіршілікке жүрек көзімен, көңіл жанарымен қарасын. Айналада Автордың қолтаңбасы шуақ шаша менмұндалап тұр.

Ең түзу айна - осы. Бетіңді тыржитпай күлімсіреп қарасаң, дүния шіркін де саған күлімдеп қарайды. Өйткені ол да, сіз секілді Автордың мейірімінен жаратылған. Ал, мейірімділік пен нәзік пластика кез келген қатты дүниені илей алады. Осыны ұғындың ба, одан кейін сенің алдында ешқандай кедергі жоқ деп есептей бер, қателеспейсің...

Ақберен Елгезек