22 сәу, 2019 сағат 10:45

Ақберен Елгезек. Қылыштың орнын қалам басты, найзаның орнын білім басты

Түнгі ойлар-3. Терапия...

Бізді қазір болып жатқан һәм болайын деп жатқан саяси-қоғамдық, рухани-мәдени, діни және тағы басқа тенденциялар қазақтың басынан неге өтіп жатыр, неге бұлай болуға тиіс, басқаша болса қайтер еді деген сұрақтар көптен бері мазалауда. Мұндай сауалдар қазақты сүйетін, оның болашағына алаң кез келген ойлы Алаш баласының көкейінде болуы заңды да.

Бүгінгі біздің басымыздан өтіп жатқан жағдайлар ненің салдары? Тарихтың қай кезеңінде біздің ұлт аяғын шалыс басты, қай жерде қателесті? Кешегі біздің бодандығымыз, бүгін бодандықтың қамытын қайтадан кию қауіпі, өзге ұлттың жеріміздің байлығын сүліктей сорғаны, әлі де сорып келе жатқаны, ұлт ретіндегі қауқарсыздығымыз, бүгінгі проблемалар, бәрі-бәрі терең зерттеуді, сараптап, талдауды қажет етеді. Және нәтижесі қанша қатал болса да, қатаң қорытындылар шығарылуы тиіс деп ойлаймын.

Мәселен, біз мақтану жағынан әлемнің өзге ұлттарын шаң қаптырып кеттік. Біз ойбой, жаһанды аждаһадай тітіреткен, дүние жүзін жаулап-жайпап, қырғын салған жауынгер бабалардың ұрпағымыз деп талтайып тұрып мақтанамыз! Дұрыс. Тарихты өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Ал, жарайды, сол керемет бабалардың сұмдық ұрпағына не болды қазір? Әлде біз найза, қылыш, аттан басқа ештеңені білмейміз бе? Әлде бізде тек ортағасырлық соғыс өнерінен басқа талант жоқ па? Сұрақ қой?! Иә, сұрақ.

Дүниені біліммен, ғылыммен таңқалдыруға болмай ма? Даңғазамен таңқалдырдық бәрін. Жарайдық, кереметпіз. Кешегі күннің естелігімен өмір сүретін, қалаға келсе ауылдағы өмірін сағынатын сентименталды ұлтпыз ғой. Болды, ол заманалар өтті-кетті. Қылыштың орнын қалам басты, найзаның орнын білім басты, қамалдардың қабырғасын қақырататын күрделі қарудың орнын жаңа, озық технологиялар басты. Күнтізбеде ХХІ ғасыр.

Оған қоса, төгілген қанның өтеуі бар. Ол басқа әңгіме. Бірақ бізге тікелей қатысы бар әңгіме. Әрқайсымыздың бойымыздағы обал бұл. Қатты айтсам, кешіріңіздер. Біз осыны мойындап, біржолата қорытынды шығарып, ізгілікке бет бұрмасақ, болмайды. Мұнай мен өзге қазба байлықтар бізді қашанғы құтқарар дейсіз. Бізге рухани серпіліс керек. Ол серпіліс іштей өз кемшілігін мойындағаннан соң, тазарған соң басталады. Түсінетін адам түсінді деп ойлаймын. Жаугершілік заманда қалып қойған саналармен дауласқым жоқ. Бұл бір.

Бөліну жағынан тағы да чемпионбыз. Жер, жүз, ру сұрасу, өз тегіңді алға шығару мешеу адамға ләззат сыйлайды. Түсінікті нәрсе. Және сол түсінікті нәрсенің өмірін ұзартып, қазақты қырық құрақ қылып жүрген ең бірінші біздің зиялы қауым, біздің билік және өзіміздің тәрбиеміз. Текті білу керек, бірақ оны ұлттың біртұтастығына қауіп келтіретіндей ұстанбау керек. Жазғанбыз бұрын: этногенез жағынан біз әр румен араласып, біртұтас ұлт боп қалыптасып қойғанбыз. Оны генетика ғылымы дәлелдеген. Сондықтан кім нақты қай рудан, нақты сол бабадан тарады ма, жоқ па, үлкен сұрақ белгісінің астындағы мәселе. Біз тілі, діні, тарихы, дәстүрі, менталитеті бір ұлтпыз. Бітті, болды.

Кешегі орыстар, еуропалықтар бізге салық төлеп тұрды дейміз. Бүгін неге керісінше? Біз әлі де Шыңғыс хан заманындағы эйфориядан арылмаған сияқтымыз. Хиросимада зардап шеккен жапондықтар, ағылшын мен жапондықтардан құқай көрген қытайлар, француз, испандықтардың боданы болған талай елдер неге секіріс жасады? Біз неге әрең құтылған сюзеренге қайтадан вассал болудың алдында тұрмыз? Себебі, дүниенің парқын білмедік, тәуелсіздіктің бағасын білмедік. Әлі де кеш емес. Біз осы 23 жылда қолымыздан келген негізгі шаруаларды жасадық. Оған да тауба. Сол уақыттың жартысын елді тонаумен айналыстық. Жерді тонап жатып, өз ұрпағымызды тонап жатқанымызды, ұлы бабалардың аманатын аяқ асты еткенімізді ұғынбадық. Көрінгеннің уысында кеткен байлық бізге гүлденген ғылым-білімді, сәулетті қалаларды, жаңа технолргияларды, мықты әскерді, қарқынды демографиялық ахуалды жасауға мүмкіндік берер еді. Әттең десейші. Құқығымызды таптады, үндемедік. Байлығымызды талан-таражға салды, қыңқ демедік. Қазақ қойдан жуас десе, мәз боламыз. Бәрін айт та, бірін айт, біз өз тағдырына, өз мемлекетіне, өміріне, келешегіне немқұрайды қарайтын ұлтпыз. 

Бұл - үлкен кемшілік. Осы мінезімізбен күреспесек, бәрін табаққа салып өзіміз апарып береміз.

Ананың баласы, мынаның байы, пәленше рудың өкілі озбасын дейміз. Тарқатпай-ақ қояйын. Бір бірімізге тілеулес, бауырмал болудан қалдық.

Бұл біздің кемшіліктердің бір парасы ғана. Құлықты болсаңыз, жалғастырарсыз. Қорықпай, ұялмай айтайық. Дертті емдеу үшін, дәрігер диагноз қояды. Науқастың назары әлсіз, дүниені қабылдауы қате болады. Ал, мұны жерімізге қарап жұтынып отырғандар әдемі пайдаланып келеді. Құдай бергеннен айырылып қалмайық десек, тездетіп сауығайық, ағайын!

Ақберен Елгезектің Фэйсбуктағы жазбасынан