02 шіл, 2018 сағат 10:28

Ақберен Елгезек. Ғайыптан келген қонақтар

***

Мына кісінің аты-жөні: Кәмел Жүністегі. Біреу білер, біреу білмес, бұл кісі өткен ғасырдың 60-шы жылдары ұлтшыл қазақтар жасырын түрде құрған "Есеп" партиясының белсенді мүшесі һәм Қарағанды облысы бойынша бөлімшесінің төрағасы болған.

Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік заманның өзінде басын өлімге тіге отырып, қазақ ұлтын азат қыламыз, тәуелсіз ел боламыз деп талпынған қазақтардың құрған "Есеп" партиясының қатарында 2000-нан астам адам болыпты.

Бір ғажабы "Есеп" партиясына кірген батыл ұлтшылдар бірін бірі жыға танымайтын болған. Пирамида жүйесімен құрылған бұл ұйым 2 жыл бойы құйрығын ұстатпай, арнайы қызмет органдарын біраз әбігерге түсірген көрінеді.

Кәмел ағамыз 6 жылға Челябинскінің маңындағы лагерьге айдалады. Ол жақта ұлтшылды өлтірмек болып, Кәмел аға отырған камераға түрме басшылығы орыс жендетін де жіберіпті. Өзі айтып отыр: 20 минөтке созылған төбелестің арқасында әлгі орыс пышақпен иығын тіліп үлгіргенмен, ағамыздан жеген соққының арқасында талып тыныпты. Осындай боларын біліп, алдында бокспен айналысқанмын деп қояды.

Осы Кәмел аға айтқан тағы бір әңгімеге таңқалдым-ай! Ағамызбен бірге лагерьде Құнанбай Сәкенов деген ақсақал отырыпты. Кезінде өңіріне белгілі ауқатты, бай адам болған екен. Әлгі ақсақал сонау 20-шы жылдардан бастап алашордалықтарға қаржылай көмек көрсетіп отырыпты. Алаш Үкіметі құрылғанда бюджетіне қомақты қаражат та құйған, дербес милиция жасақтарын мінетін ат, ертұрманмен қамтамасыз еткен дейді.

Сол кісі 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, итжеккенге айдалған екен. Алдымен 10 жылға кеткен ұлтшыл әр 10 жыл сайын жаңа кесімге қол қойып отырып, сол айдауда бас-аяғы 33 жыл бас бостандығынан айырылыпты.

Кейінірек шау тартқан ақсақалды түрменің басшылығы отын жарып, шөп шабуға, лагерьге тиесілі азын-аулақ жылқыға қарап отыруға бекітіпті.

Күндердің күнінде, осындай бір жаздың шөбі пысқан уақытта Құнанбай ақсақал әдеттегідей шалғысын сілтеп жүрген екен.

Сәл дамылдап алайын деп, өзеннің жағасына от жағып, шәугімін енді отқа қоя бергенде, әнеу жерде аппақ жеңіл көйлек киген екі жігіт ғайыптан тайып пайда болып, тұтқын ақсақалға жақындай беріпті.

Қазақи мінезбен әлгі екеуі ақсақалға "ассалаумағалейкум!" деп сәлем беріпті.

Құнанбай ақсақал елпең ете қап:

- Келіндер, қарақтарым, шәй ішіңдер - депті.

- Жоқ, ақсақал, ырақымет, біз шәй ішпейтін едік. Біз сізге арнайы шаруамен келдік - деген екен әлгі екі жігіт.

- Ой, мен секілді кәрі зэкте не шаруаларың болуы мүмкін?

- Шаруа болғанда, біз сіздің арманыңызды орындауға келдік. Айтыңызшы, ақсақал, қандай арманыңыз бар? Нендей тілегіңіз бар? Біз орындаймыз!

- Ойбай-әу, кәрі кісіде не арман болушы еді?! Өмірімнің көп уақыты айдауда өтті, менде арманнан гөрі, өкініш көп, шырақтарым... - дейді ақсақал күмілжи жерді таяғымен шұқып тұрып.

- Қандай өкінішіңіз бар, ата? Түзетейік оны да! - дейді әлгі екеуі.

- Қарақтарым, менің өкінішім көп. Ең үлкен өкінішім - айдауға кеткенде қарт ата-анам бақилық болды, соларды не жерлей алмадым, не басына барып дұға оқымадым. Басқа дүниеге өкінбеймін!

- Онда жүріңіз бізбен бірге. Барып құран оқып қайтайық - дейді.

- Жо-жоқ, мен бара алмаймын. Егер мына жерден ұзап кетсем, мына түрменің солдаттары терімді тірідей сыпырады ғой! - деп Құнанбай ақсақал азар да безер болып, қашқақтай бастапты.

- Ақсақал, оған қам жемеңіз, ол шаруаны да реттейміз - деп ақсақалды жаңағы екі жігіт ақыры туған жерге баратын сапарға көндіріпті.

Содан дейді, бір дөңгелек темір бірдеңеге отырдық, сәл ұшқандай болдық па, ұқпадым. Бір заматта қарасам, ата-анамның басында тұрмын. Ой, Алла-ай! Өзімнің ауылым тұр анау жерде. Күнге күйіп, қап қара боп кеткен қазақ балалар жүгіріп ойнап жүр. Содан не керек ата-анамның басында 3 күн жатып, дұға бағыштап, мауқымымды әбден бастым. Қарным да ашқан жоқ, шөл де қысқан жоқ.

3 күн болғанда, әлгі ақ киген екі жігіт қайта келіп, ақсақалды алған жеріне қайта апарып тастапты. Қоштасып тұрып, кетерде ақсақалға екі жігіт былай депті: "Сізді біз туғаныңыздан бақылауда ұстап келеміз. Сіз өте жақсы, мейірбан адамсыз. Содан сізге жанымыз ашып, көмектескіміз келді. Жалпы бізге адамзаттың тағдырына араласуға рұқсат жоқ. Осы жолы рұқсат алып, сізге қол ұшымызды бердік. Бізді енді сіз ешқашан көрмейсіз. Іздемеңіз де, бәрібір таппайсыз. Сау боп тұрыңыз!" - деп ауызы аңқиып тұрған ақсақалмен қоштасып, екі жігіт ғайып болыпты.

Құнанбай ақсақал жан-жағына қараса, жаңа ғана шабылған шөп жатыр. Біраз шөмеле үйіліп қапты. Жолға қараса, шаңды көтере құйғытып түрме бақылаушылар келе жатыр екен.

Келе сап, әлгі қанішерлер: "О, дед молодец, столько сена накосил, тебе двойной паек назначаем!" - деп арқасынан қағыпты.

Кейін белгілі болғандай түрменің қызметкерлері бірінші күні келгенде, ақсақал жоқ, бірақ жаңа ғана шабылған шөпті көріп, еее, шалқаң аттарын суаруға кеткен екен деп қайтып кетіпті, ертесінде жолда қайта-қайта көлігі өшіп қап, шабындыққа жете алмапты, үшінші күні келсе, ақсақал аман-есен шөмелерді үйіп, шалғысына сүйеееенеп тұр!

Міне, бұл біз біле бермейтін өмірдің көптеген құпияларының бір парасы ғана. Сенсеңіз де өз еркіңіз, сенбесеңіз де еркіңіз. Ал, мен осы оқиғаның болғанына жан-жүрегіммен, қисынға ғана сүйенетін пендауи санаммен де сенемін, ағайын.

Осыдан кейін, біз Құдайдың назарында емеспіз, білгенімізді істеп жүре беруге болады деп қалай ғана ауызымыз барып айта аламыз?!.

Ақберен Елгезек