13 жел, 2019 сағат 12:55

Ақан Сатаев пен Аружан Саин «Құрмет» орденімен марапатталды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында қаланың дамуына үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік наградалар табыстады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, қаржы, туризм, бизнес саласының білікті мамандарын, мемлекеттік қызметкерлерді, азаматтық қоғам өкілдерін марапаттау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл азаматтардың барлығы қаламыздың өркендеуіне жан-жақты үлес қосып келеді», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі «Парасат» орденін еңбек ардагері, «Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкері Ғайникен Бибатыроваға, еңбек ардагері, Қазақ АСР халық әртісі Лаки Кесоглуға, Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновке, еңбек ардагері, ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Клара Хафизоваға табыс етті.

«Құрмет» ордені «Сентрас Капитал» холдинг компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ельдар Абдразаковқа, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу институтының профессоры Зинеш Әбішеваға, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры, Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинға, режиссер Ақан Сатаевқа, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқайға берілді. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Алматинский завод мостовых конструкций» № 3 цехының арматурщигі Василий Горбунға, «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі Алғашбай Жармедетовке, «Алматыметроқұрылыс» АҚ тау департаментінің қызметкері Ережеп Жаукеновке, «Алатау Жарык Компаниясы» АҚ тарату желілері басқармасының бас шебері Алмас Омаровқа, «Метрополитен» КМК электропойызының машинисі Андрей Секиркинге, «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі, еңбек ардагері Анатолий Череневке берілді.

Сонымен қатар, бірқатар алматылықтар «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды. Қала әкімі бекіткен «Еңбегі үшін» төсбелгісі Қазақстан қазақстан мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаев, №2 қалалық перзентхананың босану бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Күренова, Жетісу ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкімоваға тағылды.