09 қаң, 2020 сағат 06:44

Академик Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды

Бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, саналы ғұмырын ана тілін ардақтауға арнаған ғұлама ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды.

Өмірзақ Айтбаев 1936 жылы 5 сәуір күні қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданының Балтакөл ауылында дүниеге келген. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі.

1959-1962 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері. 1962-1999 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, аға, бас ғылыми қызметкер. 1995-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикақ институтының профессоры. 1997-1998 жылдары - Қ.А.Яссауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. 1999 жылдан - «Қайнар» университетінің қазақ тілі және әдебиет факультетінің, филология факультетінің деканы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл білімі институтының Терминологиялық орталықтың директоры қызметтерін атқарған.

1989 жылдан «Қазақ тілі» халықаралық қоғамның вице-президенті, 1996 жылдан бірінші президенті, 2004 жылдан президенті болды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.