21 қаз, 2016 сағат 21:27

Ақ Жайық жұрты Әбіш Кекілбаевты ұлықтады (фото)

anu_7631

Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты әдеби-өнер кеші болды.

Оған Астана мен Алматыдан, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан қатысуға келген қонақтардың арасында кемеңгер тұлғаның жары Клара Жұмабаева, ұлы Дәулет пен қызы Сәулет, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Кенжеғали Сағадиев, Зейнолла Алшымбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Өмірзақ Озғанбаев, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, жазушылар мен ақындар Қажығали Мұхамбетқалиев, Роллан Сейсенбаев, Өтеген Оралбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, желмен жарысқан желаяқ, ардагер спортшы Әмин Тұяқов, күйші Сержан Шәкратов, жыршы-термеші Амандық Көмеков, әнші Тамара Асар бар.

anu_7656

Еліміздің әр өңірінен Жайық жағасына келген қонақтар алдымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасын ғылыми зерттеу орталығының ашылуына қатысты. Орталықтың лентасын қаламгердің жары Клара Жұмабаева мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қиды.

Орталықта жазушының әдеби туындылары қойылған. Бұдан кейін «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты әдеби-кешінде естелік айтушылар Әбіш Кекілбаевтың қаламгерлік және кемеңгерлік қырларына кеңінен тоқталды. Алдымен сөз алған облыс әкімі Н.Ноғаев жазушының «Рухтың күштілігі – ардың тазалығы, сезімнің шынайылығы» деген сөзін мысалға ала отырып, ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі көсемдік, кемеңгерлік болмысын танытқанына тоқталды.

Кенжеғали Сағадиевтың пікірінше, ол ұлт перзенті ретінде қазақ халқының рухани дамуына айшықты қолтаңбасын қалдырды. Ал өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов «Жазушының суреткерлік болмысы зерттелуі қажет» дей келе шешендік қабілетіне бірнеше мысалдар келтірді.

Танымал жазушылар Қажығали Мұхамбетқалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Зейнолла Алшымбаев кемеңгер қаламгердің адами қасиеттері туралы толғана әңгімеледі.

anu_7627

«Әбіш –ұлы суреткер, ол әлемдегі ең танымал 100 жазушының тізіміне енді» деді жазушы Роллан Сейсенбаев.

Ал «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жазушының публицистикасына тоқталды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері қаламгер шығармаларынан үзінділер оқыды. Әдеби-өнер кеші барысында ән айтылды, күй тартылды.Сонымен бірге, Әбіш Кекілбаев атындағы шәкіртақы алғашқы иегеріне тапсырылды.

anu_7699

dsc_4113

Жолдасбек Шөпеғұл, Атырау

"Егемен Қазақстан" газеті