22 ақп, 2020 сағат 12:49

Аида Балаева: Әр өтініштің артында адамның өмірі мен тағдыры жатыр

Жарты жыл бұрын Президент Әкімшілігінің жанынан азаматтарды қабылдайтын фронт-офис құрылған еді. Бұл жерге өз мәселесін шешу үшін және сұрағына жауап алу үшін азаматтар еліміздің әр түкпірінен келеді.

Офистік ғимарат аса үлкен болмаса да, ыңғайлы және көпфункционалды. Кіреберісте күту залы орналасқан. Онда Президент көмекшісінің қабылдауын 40 адам қатар күте алады. Бөлім қызметкерлері де сол жерде жүргендіктен, келушілердің өтініштері мен арыздарын, я болмаса өзге де қағаздарын толтырып-тексеруге көмектеседі. Ішінде балаларға арналған бұрыш та бар.

Бөлімде 12 адам қызмет атқарады. Көпшілігі - заңгер. Аналитиктер де жеткілікті. Олардың міндеті - адамдардың арыз-шағымдары мен өтініш-ұсыныстарына анализ жасап, сол арқылы жүйелі проблемаларды тауып, шешу жолдарын қарастыру.

«2019 жылдың 5 айында фронт-офисте 1269 адам қабылданды, олардың 700-і –аймақтардағы тұрғындар. Облыс орталықтарына барғанда бір күнімді толықтай халықты қабылдауға арнаймын. Ал, екінші күні қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелерімен, сондай-ақ шығармашылық һәм ғылыми интеллигенциямен кездесемін. Көшпелі қабылдаулар, өз кезегінде, мәселелерге басқа жағынан көңіл аударуға, яғни оларды локальді тануға көмектеседі. Былайша айтқанда, бұл - фокус-топтың жұмысы. Осы өтініштерден қандай да бір аймақтағы жүйелі сұрақтар мен өзекті дүниелерге қатысты түсінік қалыптасады. Айтқанымдай, келесі күні бұл түсініктер қоғамдық кеңестермен, мемлекеттік емес ұйым мүшелерімен және интеллигенциямен жүздесуден соң нақтыланып, орныға түседі. Олар аймақтағы басты мәселерге тоқталады. Нақты қорытындылардан соң ғана Президент атына жазылатын қызметтік хатты дайындай аламыз», - дейді Аида Балаева.

Бөлімде психологтар да жұмыс істейді. Өтініш білдірушілер күйзелген кезде ойларын жинақтап, қалыпқа келуге көмектеседі. Ол әрине түсінікті жәйт: адамдар біздің алдымызға жанын жегідей жеген сұрақтармен, маза бермес ойларымен, уайым-қайғысымен келеді және Президент Әкімшілігін әділеттілік таба алатын соңғы инстанция ретінде көреді.

Қоғамдық қабылдау күндері азаматтарға толыққанды ақыл-кеңес беру үшін барлық мемлекеттік органдардың өкілдері де келеді. Олардың қатарында өтініштердің көп бөлігін қарайтын сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар министрліктердің, түрлі басқармалар мен департаменттердің өкілдері де бар.

Одан бөлек мұнда халықты қабылдау хаттамасы жүргізіліп отырады. Бұл - кейін бізге келген адамдарға жеке шығып, мәселелерінің шешілгенін анықтау үшін, ал, егер сұрақ шешілмеген болса, оны күн тәртібінен түспейінше бақылауда ұстау үшін қажет.

- Айта кету керек, бұл жерде жүйелеу мен саралап-сұрыптауға асқан байыппен қарайды. Өйткені әр өтініштің артында адамның өмірі мен тағдыры жатыр, - дейді Аида Ғалымқызы. Ал, сұрақтар елеусіз қалмас үшін оларды арнайы альбомда қызыл және жасыл түстермен ерекшелеп бояп қояды.

Өтініштер үш желі бойынша түседі - Президенттің виртуалды қабылдау бөлмесі, Электрондық үкімет және «Қазпочта» АҚ. Ал, Бөлім осы бағыттардың барлығы бойынша жұмыс жүргізеді және өтініш білдірген адамдардың көмек алғанын, болмаса не үшін нақты көмек көрсете алмайтынымызға толыққанды жауап алғанын бақылайды.

«Өкінішке орай, біз барлық мәселені шеше алмаймыз. Бұл – әсіресе тұрғын үй алуға қатысты сұрақтар. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үй сұрайды, бірақ өздері тиісті кезекте тұрмаған боп шығады немесе тізімде бола тұра, оның асықпай жылжитынына, тіпті, кейбір адамдардың кезекте заңсыз тұрғанын айтып, қынжылыстарын білдіреді. Асылы, бәрі де Заңға сәйкес қандай да бір кезекте тұрған азаматтар тобы барын, арнайы жүйе мен тәртіп барын және үйдің жасалған тізімге байланысты берілетінін түсіну қажет. Біз өзге тұрғындардың құқықтарын бұза алмаймыз ғой», - деп нақтылады Балаева.

Бөлім қызметкерлері дәрменсіз болатын екінші категория - заңды күшіне енген сот үкімдері.

Фронт-офистер жұмысының практикалық нәтижелерінің ішінен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып қабылданған шешімді атауға болады.

«Көп аймақта арыз-шағымдар мен өтініштердің біраз бөлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан түсіп жатады. Біз олардың бәрін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге сараптап, талдау жасаған едік. Бүтін жол картасы мен ішкі бұйрықтар, сондай-ақ әлеуметтік порталдың бөлек атқаруы үшін қажет техникалық жабдықтарды сатып алуға жауап беретін жеке көмекшілердің жұмысына төлем жасау сұрақтары қаралды. Нәтижесінде, бұл - аталған топтағы адамдардың тарапынан түсетін өтініштердің айтарлықтай азаюына әкелді», - деді Президент көмекшісі.

Бұдан бөлек, нақты ортаға беру арқылы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің көпжылдық проблемалары шешілді.

Әрине, бөлім жұмысы бұнымен бітпейді. Жетістіктер тек шыңдай түспек. Келесі этап - қызметтерді оңтайландырып, автоматтандыратын «Е-өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, әрбір қазақстандық әкімдіктерде орналасқан арнайы терминалдар арқылы өз өтінішін барлық мемлекеттік органдарға жеткізе алады. Осының арқасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асады.

Аталған модуль жетілдірілді. 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында Нұр-Сұлтан қаласында апробациядан, яғни тексерістен өтеді. Тест сәтті өтсе, ол ел бойынша енгізілетін болады.

Адамдардың әртүрлі сұрақ бойынша онлайн кеңес алуы үшін бұл ақпараттық жүйеге чат-боттар енгізу де көзделген. Сонымен қатар Бөлім базасында орталықтандырылған сall-орталық құрылмақ. Тиісінше, ол кеңес беру жұмыстарын телефон арқылы шешуге көмектеседі. Алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін әр аймақта қоғамдық қабылдау жүргізілетін дәл осындай фронт-офис ашу көзделген.

platon.asia,

Орыс тілінен аударған "Ұлт порталы"