29 қаз, 2019 сағат 08:40

Агенттік Білім министрлігіне бағынышты ұйымдардағы былықтарды жариялады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ведомство басшысы Алик Шпекбаевтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселесіне арналған жұмыс отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған агенттік мәліметінше, отырыс барысында «Adal Bilim» жобалық кеңсесі БҒМ-ның жекелеген ведомстволық бағынышты ұйымдарға аралық талдау нәтижелерін ұсынды. Кеңсе әкімшісі Сергей Пен ұсынған деректерге сәйкес, квазимемлекеттік сектордың сарапталатын субъектілерінің мақсаттары мен міндеттерін саралау нәтижелерінде олардың кейбір функциялары БҒМ департаменттерінің функцияларын қайталайтыны, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландырудың бұрынғы көлемі жағынан қарағанда кейбір ұйымдардың функцияларының өзектілігін жойғаны анықталды.

Мысалы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ 50 пайызға іске қосылмаған және «Назарбаев интелектуалдық мектептері» жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы мен оның филиалдарының, сонымен қоса жекеменшік оқу орталықтарының, ұйымдардың біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларын қайталайды. Бұған қоса, мемлекеттік тапсырмаларды тиімсіз іске асыру белгілері анықталды. Атап айтқанда, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-ның «CLIL әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік біріктіріп оқыту» біліктілікті арттыру бағдарламасы. Аталған бағдарламаның 20 тыңдаушысының тек үшеуі ғана курс материалдарын түсіну үшін ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білген. Себебі олар ағылшын тілінің оқытушылары болған. Қалған тыңдаушылар сауалнама-пікірде ағылшын тілін білмейтіндіктерін, курс ағылшын тілінің «Intermediate» деңгейінен төмен емес нәтижесі бар тыңдаушыларға есептеліп жасалғанын маңызды мәселе ретінде атап өтеді.

Сондай-ақ, сараптама қызметкерлерге негізсіз және жасырын сыйақы беру фактілерінің бар екенін көрсетті.

Атап айтқанда, БҒМ-ға бағынышты кейбір ұйымдардағы сыйақы мөлшері қызмет нәтижесіне қатыссыз қызметкерлердің бір лауазымдық еңбекақысынан бастап 400 пайызға дейін мөлшерде болды. Материалдық-техникалық базаны сараптау барысында санаулы қызметкері бола тұра ғимараттар мен бөлмелерді тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Атап айтқанда, небәрі 70 адам штаты бар «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-ның жалпы аумағы 1567 шаршы метрді құрайтын ғимаратты жалға алу шығыны 52 547 140 теңгені құрайды. Ал холдинг төрағасының орынбасары 144 шаршы метр кеңсе, 48 және 40 шаршы метрлік демалыс, қабылдау бөлмесін, құрылымдық бөлімше басшысы 175 шаршы метрлік кабинетке ие болған.

С.Пеннің пікірінше, жыл сайын қомақты бюджеттік қаражаттарды игеретін «Өрлеу» БАҰО» АҚ пен «Кәсіпқор» КЕАҚ» холдингі сияқты Білім және ғылым министрлігіне бағынышты ұйымдар қызметінің тиімділігі мен мемлекеттік тапсырмаларды орындау тәртібі көбіне күмән келтіреді.