25 ақп, 2020 сағат 16:25

Ағаділдің өлімі: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тексеріс жүргізілетінін айтты

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Кеше, 24 ақпанда Дулат Ағаділді тергеу изоляторына мас күйінде жеткізді. Алайда ол маңызды емес. Ең бастысы, оны ұстау, абақтыға отырғызу және алғашқы медициналық көмек көрсету жағынан тәртіп бұзушылықтар болмауы тиіс. Осы орайда азаматтық қоғам өкілдері оқиға орнына барып, зорлық-зомбылық және адамның ар-намысын қорлауға қатысты тағы басқа мәселелерді тексере алады", - деді Әзімова астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Ағаділ және тағы төрт адам отырған тергеу изоляторында тәуелсіз топтың өкілі жүр. Ол бейнебақылау камерасының жазбаларын жан-жақты зерделеп шығады.

"Адам [изолятор] қақпасынан аттаған соң оның әрбір қадамын камера түсіреді. Жазбаның жалпы уақыты шамамен 8 сағат, тәуелсіз топтың өкілі соның бәрін қарап шығуы керек. Оны тексеру уақыт алады. Ағаділ мырза қоғам белсендісі болған. Азаматтық қоғам тарапынан оның өліміне қатысты сұрақтар бар. Күдік те жоқ емес. Сондықтан біз тәртіп бұзушылықтар болды ма, жоқ па, соны жан-жақты зерделеп шығуымыз қажет ", - деп атап көрсетті Әзімова.

Оның сөзіне қарағанда, марқұмның отбасына адвокат берілді. Ол сот-медициналық сараптаманы бақылайды. Ал үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік сараптамадан бөлек тәуелсіз сот сараптамасын ұйымдыстыру жағын пысықтап жатыр.    

Айта кетейік, бүгін ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады.

"Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында 1977 жылы туған қоғам белсендісімен бірге тағы төрт адам болған. Олар Дулат Ағаділге зорлық-зомбылық жасалмағанын айтты", - дейді полицейлер.

Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, қоғам белсендісі ұсталған кезде мас болған.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері ер адамның өлімін растады. Оның өліміне жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі себеп болғаны айтылып отыр. Денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске сала кетсек, Дулат Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпталушы деп танылып, ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алуға алмастырды.

Кеше, 24 ақпан күні сағат 21:00-де Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасағаны, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.