17 шіл, 2019 сағат 10:31

Әділхан Макин: "Бұл жеңісімді Қазақстан халқына арнаймын!.."

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова "Витебск-2019" вокалшылар конкурсының гран-при иегері Әділхан Макинмен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жас әнші Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы эстрада, өнер факультетінің 4-курсында оқиды. Ол "Витебск-2019" вокалшылар конкурсында 180 ұпайдан 178 ұпай жинап, гран-при жүлдесін жеңіп алды.  

"Саған үлкен алғыс білдіреміз. Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ол жаққа барып келдің. Сенің өнеріңе әлем таңғалды. Тағы да құттықтаймын. Шығармашылық қабілетіңді шыңдай бер!", - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жас әнші де қолдау көрсеткен тыңдармандарына шексіз алғысын білдірді.

"Қолдау көрсеткен қазақстандықтарға рақмет! Бұл жеңісімді Қазақстан халқына арнаймын. Барлыңызға зор денсаулық, бақыт тілеймін. Биыл - жастар жылы. Сондықтан бізге көп еңбектену керек. Еңбек барлық қиындықты жеңеді", - деді Әділхан Макин мәдениет министрлігінің кулуарында.

Сондай-ақ ол танымал әнші Димаш Құдайбергенді танитынын, оны қатты сыйлайтынын жеткізді.

"Димаш - менің ағам, құрдасым, досым. Екеуміз 2012 жылы "Жас қанат" байқауына қатыстық. Димаш сол байқауда жеңіске жетті. Сол кезден бастап мен де жеңіске жеткім келді. Димаш маған күш-қуат беріп, қолдау көрсетті. Онымен бәсекеге түсуді айтасыздар, онымен танысудың өзі үлкен құрмет болды", - дейді жас әнші.

Әділхан Макин той музыкасына да қатысты пікір білдірді.

"Бізге той керек. Себебі, қазақ халқы тойлатуды жақсы көреді. Бірақ өнердің құнын түсірмейік. Біз үлкен сахналарда қазақтың жанға жағымды шығармаларын орындауға тырысайық", - деді ол.

Осы орайдың оның ұстазы Яниса Кайсиди Әділханның дауысы несімен ерекшелетінін түсіндірді.

"Оның диапазоны - 3 октава. Ол төменгі жоғары, ноталарды еркін ала алады. Бұл маңызды. "Витебск-2019" вокалшылар конкурсында қазылар алқасының төрағасы болған Тамара Гвердцители "Әділханның универсалды вокалшы екенін атап өтті. Қазіргі таңда сахнаға шығу аз, адамдарды таңқалдыра білу керек. Ол өз мақсатына жетті", - деп атап өтті Яниса Кайсиди.

Ұстаздың айтуынша, жұрттың оны Димашпен салыстыруы бекер емес.

"Димаш пен Әділхан ән орындаған кезде оған өзіндік нақыш қосқысы келеді", - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесуге Украинада өткен "Молодая гиличина-2019" халықаралық ән байқауының бас жүлдесін алған Қуаныш Ерзатұлы және І орын жүлдегерлері Мереке Кенжеғұл мен "Қазақ қыздары" триосы да келді.

"Күллі әлемге Ұлы дала елінің өнері мен мәдениетін насихаттап жүрген еңбектеріңізге шексіз алғысымды білдіремін (...) Қазақтың қоңыр үні халқымыздың маңдайына біткен бағы десем, артық айтқаным емес. Өздеріңіз білесіздер, Әміре Қашаубаев Парижді қалай бағындырса, Димашымыз миллиардтаған халқы бар Қытайды, кейінірек әлемді мойындатты. Мінекей, сіздер де дарындарыңызбен көзге түсіп, жүлдемен келіп отырсыздар. Шын жүректен қуаныштымын. Болашақта әлем сахналарында бұдан да қор жетістіктерге жететіндеріңізге сенімдімін", - деді министр.

Сонымен бірге, кездесуде Қазақ ұлттық өнер Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдірді.

«Славян базары» - Еуразия кеңістігіндегі беделді орындаушылар байқауы. Төрт жыл бұрын Димаш осы байқаудан қанат қағып ұшты. Қазір әлемді бағындырды. Сіздің де (Ақтоты Райымқұлова - ред.) ана ретінде Әділханға жазған қолдауыңызды жеткізіп жүрдім. Тағы бір айтарым, әнші Тамара Гвердцители бас жүлдені тапсырып жатып, Қазақстанда өнерге, мәдениетке қолдау білдіргені үшін Елбасыға алғыс айтты. Әділхан биыл бірінші рет тағайындалған Беларусь президенті Александр Лукашенконың «Славян үміті» сыйлығын жеңіп алды», - деді Асхат Маемиров.

Былтыр бұл байқауда («Славян базары») қазақстандық Ернар Садырбай жүлделі 1-орын иеленсе, 2015 жылы Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-при жеңіп алған еді.