10 қыр, 2018 сағат 15:23

Әділбек Жақсыбеков қызметінен босатылды

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемелекет басшысының Жарлықтарымен: Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметінен босатылды" делінген хабарламада.

Айта кетсек, бүгін Елбасы жарлығымен Президент Әкімшілігі басшысы болып Әсет Өрентайұлы Исекешев тағайындалды.

Сондай-ақ, Бағдат Құлтайұлы Әміреев те басқа жұмысқа ауысуына байланыста Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Еске сала кетсек, Әділбек Рыскелдіұлы ЖАҚСЫБЕКОВ 1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған.

1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (Мәскеу қаласы) экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Қазақ КСР Мемкино және Мемжабдықтау жүйесінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорындарды басқарған.

1988-1995 жылдары «Цесна» көпсалалы корпорациясын басқарды.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланды.

1996 жылы – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары.

1997-2003 жылдары – Астана қаласының әкімі.

2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі.

2004-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.

2008 жылғы қаңтар мен қазан аралығында – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2009-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

2014 жылғы сәуір мен қазан аралығында – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

2014-2016 жылдары – Астана қаласының әкімі.

2016 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», I, II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен наградталған.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.