12 қар, 2018 сағат 12:11

Әділбек Ниязымбетов бокстағы карьерасын аяқтады

Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азиада жеңімпазы Әділбек Ниязымбетов рингтегі карьерасын аяқтағанын мәлім етті, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.

Бұл жаңалыққа қатысты ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов өз ойын айтты. 

"Ия, Әділбек бізбен ақылдасқаннан кейін осындай шешім қабылдады. Ол көп жылдар бойы Қазақстан құрамасында өнер көрсетті. Жеңістері де аз емес. Қазақстан жалауын көкке көтерді. Оның жарақаттары бар, емдеу үшін уақыт қажет. Ал спортшының денсаулығы бәрінен де жоғары

Ол әр спортшының маңдайына бұйыра бермейтін жеңістерге қол жеткізді. Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионатының финалына тек мықтылар шығады. Сондықтан отандық бокс алдында сіңірген еңбегі орасан", — дейді Мырзағали Айтжанов.

Әділбек Ниязымбетов  бокстан ұлттық құрама команданың капитаны болып, бұл міндетті де абыроймен атқарды. Қазақстан біріншілігі аяқталған соң бапкерлер кеңесі құрама сапында өнер көрсететін боксшылармен бірге жаңа капитанды да бекітпек.