01 нау, 2019 сағат 14:14

Әділ Ахметов "Nur Otan" партиясының мүшесі атанды

Танылмал театр және кино актері Әділ Ахметов «Nur Otan» партиясының мүшесі атанды. Бұл туралы бүгін Партия күніне орай партия қатарына қабылдау салтанатында белгілі болды.

Жалпы бүгін еліміз бойынша 3 мыңнан астам қазақстандық партия мүшесі атанды. Астана қаласының өзінде әр салада еңбек етіп жүрген 20 азаматқа партия билеті салтанатты жағдайда табыс етілді. Олардың қатарында белгілі кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Жаннат Ойшыбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова, «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев сияқты танымал азаматтар бар.

Партия қатарына жаңадан қабылданған әріптестерін құттықтаған Мәулен Әшімбаев биыл «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отырғанын айтты. Ол өз сөзінде осындай мерейтой кезінде партия мүшесі атанудың өзінде үлкен мән бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ елдің бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктерінде барлық нұротандықтың үлесі бар екенін атап өтті.

– Өткен жылдарда партия Елбасының ең сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде қалыптасып үлгерді. Елбасының экономиканы реформалауға, әлеуметтік саланы дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді оң шешуге бағытталған стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға белсене қатысты. Сондықтан еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктерінде «Nur Otan» партиясының, сондай-ақ әр нұротандықтың үлесі бар, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол барша жиынға қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Бұл күн елдің ынтымағы мен бірлігін одан әрі арттыратын зор маңызға ие. Сондықтан барша қазақстандықтарды атаулы күнмен құттықтап, шынайы алғысымды білдіремін. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Мәулен Әшімбаев.