10 қар, 2017 сағат 13:02

"Әдебиет порталының" мобильді қосымшасы іске қосылды

«Әдебиет порталының» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл туралы портал өкілдері хабарлады.

«Әдебиет порталы» интернет-жобасының мобильдік қосымшасы IOS және Android платформаларында әзірленіп, қолданысқа берілді. Бүгіннен бастап қосымшаны кез келген желі қолданушысы App Store немесе Play Market арқылы жүктеп алып, қажетіне жарата алады. Бұл мобильдік қосымша арқылы «Әдебиет порталындағы» әдеби мақалаларды, кітаптарды оқу, аудиокітаптарды тыңдау, порталдағы онлайн түрде өтіп жатқан әдеби конкурстарға қатысу бұрынғыдан да қолжетімді болмақ.

Оқырман мобильдік қосымшаны өзінің смартфонына немесе планшетіне жүктеп алып, саябақта да, қоғамдық көлікте де, алыс жолға шыққанда да, бір сөзбен айтқанда, кез келген жерде оқи алады.

Сонымен қатар, мобильдік қосымша арқылы «Әдебиет порталына» тіркелу де недәуір жеңілдетіліп, оңтайлана түсті. Порталға тіркелген оқырман «Ашық мінбер» бөлімінде өзінің блогын ашып, онда өзі қалаған материалды орналастыра алады. Өзінде бар электронды кітапты жүктеп, басқа оқырмандармен бөлісуге де болады. Портал платформасындағы 4 мыңнан астам кітаптың ішінен өзі таңдаған кітапқа белгі қою арқылы өз блогына сақтап, жеке кітапханасын да жасақтай алады.

Жеке кітапханадағы кітаптардың бір ерекшелігі – оларды оффлайн түрде, яғни интернет желісі жоқ жерде де оқуға мүмкіндік бар. Оқырман Кез келген мақаланың астына пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісіп, мақаланы талқылауға атсалысады. 4 мыңға жуық автордың ішінен өзіне ұнайтын авторға «Жанкүйер» болу арқылы, сол автордың парақшасын толықтыруға қолғабыс етеді.

«Әдебиет порталы» өз оқырмандарына мобилдык қосымша арқылы әдебиет айдынында еркін жүзуге барлық жағдайды жасауды басты мақсаты деп санайды. Мобильді қосымшаны өз смартфоныңызға жүктеп алып, әдебиет әлемінің мың сан бояулы ғажайып өміріне еніңіз!