16 там, 2018 сағат 12:25

Түркия мен Қазақстан арасындағы əдеби қарым-қатынас нығая түспек

Бүгін мәдениет, өнер, ғылым және әдебиет саласындағы Түрік Әдеби және Ғылыми еңбектері Авторлар Қоғамы (İLESAM) мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы бірлескен жұмыстарды қамтитын ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан Жазушылар одағында өткен бұл маңызды кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, "İLESAM" Түрік Әдеби және Ғылыми еңбектері Авторлар Қоғамының Төрағасы Мехмет Нури Пармаксыз, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, "Қазақ әдебиеті" газетінің Бас редакторы Дәурен Қуат және Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып қатысты.


Кездесу барысында талқыланған негізгі мәселелерді атап айтар болсақ:
1. Жыл сайын ғылым мен әдебиет саласындағы бір-екі туындыны екі тараптан аударып, ынтымақтас елдер тілдерінде жариялау;
2. «XXI ғасырдағы Түркия мен Қазақстан авторларының поэзиясы мен әңгімелері антологиясын» бірлесе дайындап, екі тілде жариялау;
3. Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінде өтетін мәдени және шығармашылық іс-шараларға екі тараптан да жазушылар мен ақындардың шақырылуы;
4. Жылына бір рет (бір жыл Қазақстанда, келесі жылы Түркияда) жүйелі түрде жыр фестивалін ұйымдастыру;
5. Балалар әдебиеті саласында ынтымақтастық орнату;
6. Жылына бір рет екі жақты келісім аясында жазушылармен кездесу күндері мен кітап тұсаукесерлерін ұйымдастыру. 

Қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы Жазушылар одағында осы және өзге де мәселелер талқыланып, Түбі Түркі туыстас елдер арасындағы әдеби ынтымақтастықты дамыта түсу жолындағы нақты қадамдар бекітілді.