14 қаң, 2020 сағат 13:12

"Адамның бойымен бірдей": қармаққа алып балық түсті (Фото)

АҚШ-тың Флорида штатына жақын жерде балықшы Джейсон Бойлл адам бойымен бірдей алып балықты қармақпен ұстады, деп хабарлайды Sputnik Kazakhstan Forthewin порталына сілтеме жасап.

Жаңа жыл қарсаңында Бойлл өзінің Instagram парақшасында алып балықтың суретін жариялап, "2019 жылды сәтті аяқтадық!" деген жазба қалдырған. Hyporthodus nigritus тобына жататын балықтар 2,8 метрге дейін өседі. Ал салмағы 360 келіге дейін жетуі мүмкін. Оны "Варшав теңіз алабұғасы" деп атайды.

Флориданың балық шаруашылығы және жабайы табиғат бойынша зерттеу институты да өзінің ресми парақшасында  Бойлл мен балықтың суретін жариялады. Институт мамандары алып алабұғаның арнайы бағдарлама аясында зерттеліп жатқан ең кәрі балық екенін де мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, балықшы оны 2019 жылы 29 желтоқсан күні 180 метр тереңдікте қармақпен ұстап алған. Биологтар балықтың жасын да есептеп шығарды. Ол, шамамен, 50 жаста.

Бұған дейін Флорида маңайында ұсталған осы санаттағы балықтың ең үлкен салмағы 198 келі болған.