30 жел, 2016 сағат 16:54

Адамдарды жиһадқа шақырған ақтөбелік бес жылға сотталды

- Ақтөбе тұрғыны Аманқос Ерболатов «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жиҺад жасауға шақырған аудиожазба таратқаны үшін жалпы режімдегі колонияда 5 жылын өткізетін болды, деп жазды aktobetimes.kz.

Сотталушының әкесі ұлы 24 жаста екенін, таяуда ғана отау құрғанын айтты. Аманқос бала кезінен гандболмен айналысқан, спорт шебері атағын алған. «Қазхром» командасында гандбол бойынша бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеген.

«Бапкердің көмекшісі ретінде оған  өте аз, айына 20 мың теңге төледі. Бапкерлікпен қоса дәнекерлеуші жұмысын атқарды, жазда жұмыс көп болса, қыста азаятын», - деді әкесі.

Ерболатов ұялы телефон саудасымен айналысқан. Намаз оқыған. Ол Интернеттен радикалдық бағыттағы аудиожазба жүктеп алып, оны «ВКонтакте» желісіне жариялаған.

Аманқос отбасында жалғыз ұл. Наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жоқ. Бұрын сотталмаған. Үкім шығар алдында сотталушы бар кінәсін мойындады, жазасын жеңілдетуді сұрады.

28 қыркүйекте оны ұстап, «діни алауыздық тудырып», терроризмге шақырғаны үшін тұтқындады. Прокурор оны мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 6 айға соттауды ұсынды, алайда ақтөбелік 5 жылға сотталды. Ол жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейді.