31 там, 2019 сағат 07:46

Адам мен жасанды интеллект арасында қалай сенім орнатуға болады?

Америкалық-мысырлық ғалым Рана эль Калиуби адамдардың мінез-құлқын, сезімдерін зерттеу мақсатында компьютерлік көру, машиналық оқыту мен ғылыми деректерді қолданады. Ол – «Affectiva» компаниясының құрылтайшысы әрі бас директоры. Рана эль Калиуби жасанды интеллект пен адам қарым-қатынасындағы маңызды жайттарға назар аударады.

Менің анам Каирдан 5,000 миль қашықтықта тұрады. Ол маған телефон соққан кезде, менің «сәлем» немесе «менде бәрі жақсы» деген сөзімнен көңіл-күйімді біліп қояды. Себебі, біздің арамызда өзара жақындық пен сенім бар. Сол сенімнің арқасында ол менің бір ауыз сөзімнен жағдайымды түсіне алады.

Бірақ қазіргі заман адамдары сияқты мен де уақытымның белгілі бөлігін технологиямен тілдесіп өткіземін. Алайда, ұялы телефоным менің анам немесе құрбым сияқты дауысыма қарап көңіл-күйімді тани алмайды.

Бұл мәселе жасанды интеллектінің кең таралуымен байқала бастады. Себебі, жасанды интеллект бізбен қатар жұмыс істеп, көлігімізді басқарып, денсаулығымызды бақылауға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде өзара сенім, жанашырлық пен әдепке негізделген жаңа әлеуметтік қарым-қатынасқа жол ашты.

Жасанды интеллект бізге сенім арта ала ма?

Бізге бәрінен бұрын сенім керек. Біз өзіміз сенбеген адаммен жұмыс істемеген сияқты, жасанды интеллектімен қарым-қатынаста да осы ұстанымнан ауытқи алмаймыз.

Жасанды интеллект пен адам арасындағы сенім мәселесі талайдан бері көтеріліп келеді. Мәселен, жартылай автономды автокөліктерді алайық. Бұл көліктер әлі де даму үстінде болғандықтан, жасанды интеллект қауіпті аймаққа кірген кезде көлік басқаруды адамға тапсыруды талап етеді.  Бірақ жасанды интеллект қалайша адамға сенім арта алады? Адамның шаршаңқы немесе назарының басқа жақта болмағанына кім кепілдік береді? Сол себептен жасанды интеллект адамның эмоционалды және когнитивті жағдайын түсініп, оған қай кезде сенім арта алатынын анықтай білуі керек.

Осы жерде адам мен машина қалайша өзара сенімге негізделген қарым-қатынас құрады деген заңды сұрақ туады.  

Жасанды интеллектжанашыр дос

Гарвард бизнес мектебінің технология жөніндегі профессоры Франсис Фрейдің айтуынша, жанашырлық адамдар арасында сенім тудыратын маңызды элемент саналады. Сол себептен, адам мен машина арасында сенім қалыптастыру үшін жанашырлық сезімі керек.

Ол үшін машинаға эмоционалды интеллект алгоритмдерін жүктеуге болады. Адамдар арасындағы серіктестік сияқты, жасанды интеллект сіздің эмоционалды жай-күйіңізді түсінетін болады. Осылайша, ол қай кезде көлік басқаруды адамға тапсыруға болатынын немесе жұмыскерлердің бүгінгі көңіл-күйін біле алады.  

Бұл өте субъективті және қияли идея болып көрінуі мүмкін. Бірақ, cоңғы кездегі жасанды интеллектпен жасалып жатқан зерттеулерге қарасақ,  оның адамзат баласына тигізер пайдасы шаш етектен. Ең бастысы адамзат  технологияны қай бағытта қолданып, жасанды интеллект арқылы әлемді қалай өзгерткісі келетінін білуі керек.

Жасанды интеллект және әдептілік қағидалары

Адаммен тікелей жұмыс істейтін жасанды интеллект ол жайлы көптеген мәлімет жинайды. Жасанды интеллектің біздің өмірімізді жақсарта алатын мүмкіндіктері бола тұра, бізге зиян келтіретін де тұстары бар.

Адам мен машина арасында осындай әлеуметтік байланыс құрғаннан кейін, біз оған әдептілік қағидаларын үйретуіміз қажет. Яғни, жасанды интеллект әртүрлі ғалымдар тобымен, түрлі мәліметтер базасы негізінде құрастырылып, қоғамды жікке бөлуден аулақ болуы керек (мысалы нәсілшілдік, жыныстық ерекшеліктер және т.б.). Сол мақсатта адам мен машина қарым-қатынасқа түскен кезде келісімнің болуы және мәліметтердің құпиялылығына мән беру керек.

Соған байланысты МТИ мен Гарвард жасанды интеллект жобалары басқармасы және Partnership on AI бірлестігі Microsoft, Amazon, Google, Facebook пен Apple сияқты ірі компаниялар және Affectiva сияқты стартаптар  жасанды интеллектінің барлық әдептілік қағидаларына сай және ізгілік жолына қолданылуын қадағалайды.

Жасанды интеллекті жетілдіру жаһандық жаңа өзгерістерге бастайды. Олардың адам өміріне дендеп енуі күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатып, мол мүмкіндіктерге жетелейді. Күні кеше ғана жасанды интеллекті игеру мәселесі күмән тудырса, уақыт ағымы жаңа сауалдарға жол ашты. Ендігі туындаған сенім мен сезім мәселесі өз шешімін тапса, бұл артықшылық адам өмірін өзге бір арнаға бұрары анық. Роботтардың адамды алмастыра алмайтыны туралы ой қанша өзекті болғанмен, технологиялардың қарыштап дамуы таңқаларлық өзгерістер жасауда. Бұл ретте, жасанды интеллектің жаңа жетістіктері күн санап артып, маңызды оқиғалардың ордасына айналды. Цифрлық дәуірдің жаңа кезеңі жасанды сананың кемелденуімен айрықша дами түспек.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org